
Қазақстанда енді тауарын бөліп төлеуге беретін кәсіпкерлер екі бағаны көрсетуге міндетті. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арнайы бұйрыққа қол қойды.
«Сатушы (оның ішінде интернет-дүкен) сатып алу-сату шартын жасасар алдында тұтынушыға тауарды өз қаражаты есебінен бөліп төлеу арқылы өткізу және бір реттік төлем арқылы өткізу кезінде оның бағасын бөлек көрсете отырып, тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет), оның құны, төлем рәсімі, жеткізу шарттары мен құны, кепілдік мерзімі (ол болған кезде) туралы ақпарат береді», – деп жазылған құжат жобасында.
Яғни сатушы тауардың өз бағасын және бөліп төлеуге берілетін бағаны қатар көрсетуі заң жүзінде бекітілді.
Бүған дейін Қаржы нарығын қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова да тауарларға екі түрлі баға қойылуы керек деген еді. Агенттік төрағасы қолма қол ақшаға сатып алғанда бір баға, ал бөліп төлеуге алса, басқа баға көрсетілуі тиіс деп тұжырымдайды.