Сауда шектеулерін алып тастау үшін Қытай АҚШ-қа 1 трлн доллар инвестиция салады

Жарияланды 6 Қазан 2025 09:54

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Business News бөлімінің тілшісі a.abitay@kursiv.media
Фото: ашық дереккөзден

Қытай сауда келіссөздері аясында АҚШ аумағында мәмілелер жасауға қойылған шектеулерді алып тастау үшін америкалық экономикаға 1 триллион доллар көлемінде инвестиция салуды ұсынды. Бұл туралы дереккөздеріне сілтеме жасаған Bloomberg жазады.

Ақпаратқа сәйкес, Бейжің АҚШ-та жұмыс істеп тұрған қытайлық зауыттарға шикізаттарды импорттау кезіндегі баж салығын төмендетуді де талап еткен. Бұл ұсыныстар қыркүйекте Мадридте өткен келіссөздерде айтылған.

Басылымның жазуынша, Бейжің жоспарлап отырған инвестиция көлемі өзге елдердің міндеттемелерінен асып түседі. АҚШ-пен сауда шектеулерін келісу үшін ЕуроОдақ 600 млрд доллар, Жапония 550 млрд доллар құюға ниеттеніп отыр. Ал Оңтүстік Корея 350 млрд доллар жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Бірақ соңғы жылдары Қытайдың АҚШ-қа инвестициясы күрт қысқарған: 2016 жылғы рекордтық 57 млрд доллардан 2025 жылдың алғашқы жартысында бар болғаны 2,1 млрд долларға дейін төмендеген.

Қыркүйекте екі ел Мадридте өткен өзара саудаға қатысты шарада TikTok-қа қатысты да алдын ала келісімге келген. Әлеуметтік желінің 80%-ы америкалық корпорация үлесіне, 20%-ы қытайлық ByteDance -те қалатын болды.

Сондай-ақ оқыңыз