
13 қазан, дүйсенбі күні әлем нарығында алтын да, күміс те жаңа тарихи межені еңсерді. Қымбат металдар құнының артуына АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының қайтадан өршуі себеп болды.
Астана уақытымен сағат 10.30-дағы мәлімет бойынша, алтын шамамен 4070 доллардан саудаланып жатыр. Ол бір тәулікте шамамен 50 долларға қымбаттады. Ал күміс 51,64 доллар тұрады. Оның құны шамамен 3%-ға көтерілді.
Естеріңізде болса, өткен аптаның аяғында ғана алтын 4 мың долларды еңсеріп, күміс тарихи межені жаңартқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні қытай тауарларына 100% баж салығын енгізді. Дегенмен Қытай америкалық тауарларға қосымша кеден салығын енгізген жоқ.
Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысының қайта өршуі нарыққа бірден әсер етті. Себебі қаржы саласындағы жағдайдың нашарлауынан қауіптенген инвесторлар алтын мен күміс секілді сенімді активтерге жүгінеді.