Осы жылдың тоғыз айында республикалық бюджетке 16 трлн теңге орнына 15,1 трлн түсті

Жарияланды 20 Қазан 2025 14:35

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
2025 жылдың 9 айында республикалық бюджетке 15,1 трлн теңге түсті / Фото: коллаж Kursiv Media

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында республикалық бюджет кірісі 15,1 трлн теңге болды. Бірақ жоспар бойынша түсім 16 трлн теңгеге жетуі керек еді, яғни жоспар тек 94,4%-ға орындалған. Бұл туралы қаржы министрлігі жариялған есепте жазылған.

Бюджет кірісінің негізгі бөлігін салық түсімдері құрады – 9,95 трлн теңге. Бұл бастапқы болжамнан 4,5% аз (жоспар – 10,4 трлн теңге еді). Оның ішінде:

  • корпоративтік табыс салығынан – 2,9 трлн теңге (жоспардан 6%-ға аз);
  • қосылған құн салығынан – 4,3 трлн теңге (жоспардан 7,4%-ға аз).

Салықтан тыс түсімдер 551,6 млрд теңге болды, жоспарланған 382 млрд теңгеден 44%-ға көп. Ұлттық қордан бюджетке берілген трансферттер 4,18 трлн теңге болды (жоспар – 4,81 трлн теңге).

Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі жоспардағыдай 2 трлн теңге. Ал мақсатты трансферт, яғни ел үшін маңызды жобаларды қаржыландыруға арналған бөлік, жоспардан 2,18 трлн теңге аз (жоспар – 2,81 трлн теңге)

Бюджет шығындары да азайды. 18,8 трлн теңге жоспардың орнына 17,6 трлн теңге (-6,8%). Соның нәтижесінде бюджет тапшылығы -2,6 трлн теңгеге дейін төмендеді (жоспар – -3,15 трлн теңге).

Осы кезеңде мемлекет 6,2 трлн теңге қарыз тартқан, ал қарыз төлемдері 3,6 трлн теңге болды.

Бұған дейін қаржы министрі Мәди Тәкиев жоспардың толық орындалмауына мұнай бағасының құбылмалылығын және геосаяси тұрақсыздықтың бизнес логистикасына ықпалы деп түсіндірген еді. 

Сондай-ақ оқыңыз