Трамп Binance иесіне рақымшылық жасап, криптобиржа қайта жанданды

Жарияланды 24 Қазан 2025 12:05

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Чанпэн Чжао / фото: REUTERS/Tyrone Siu
Чанпэн Чжао / фото: REUTERS/Tyrone Siu

АҚШ президенті Дональд Трамп Binance криптобиржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоға рақымшылық жасады. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің айтуынша, Трамп рақымшылық жасау конституциялық құқығын пайдаланып, Чжаоға кешірім берді. Хатшы Чжаоны «Байден әкімшілігінің криптовалютаға қарсы соғысының» құрбаны деп атаған. Левиттің пікірінше, бұл «соғыс аяқталды».

Енді Binance АҚШ нарығына қайта оралуы мүмкін. 2023 жылы биржа лас ақшаны заңдастыруға қатысты айыпты мойындап, 3,4 млрд доллар айыппұл төлеген. Төрт ай түрмеде отырған Чжао 2024 жылғы қыркүйекте бостандыққа шыққан.

2025 жылғы наурызда баспасөз Трамп отбасы Binance биржасынан үлес алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын, ал Чжао рақымшылық сұрағанын жазған. Алайда кәсіпкер де, Трамп та осы екі оқиға арасында байланыс бар дегенді жоққа шығарған. Одан қалды, президент New York Times журналистерін сотқа беріп, жала жапқаны үшін 15 млрд доллар өндіріп беруді талап еткен.

Чжао ақталып шыққан соң крипто саудасы қайта қызды. Биржада криптовалюта түрлерінің барлығы дерлік қайтадан көтеріліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз