
Air Astana әуе компаниясы ұшақ моторындағы ақау салдарынан 25,5 млн доллар жоғалтты. Бұл туралы компанияның қаржы есебінде айтылды.
Air Astana табысы азайды
Әуе компаниясының үшінші тоқсан мен тоғыз айдың нәтижесіне арналған қаржы есебі Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланды.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында әуе компаниясының жалпы түсімі мен басқа да кірісі 10%-ға өсіп, 1 млрд 97 млн доллар болды. Компания былтыр дәл осы уақытта 996,5 млн түсім көрсеткен.
Дегенмен таза пайда бірден шамамен 40%-ға азайып, 31,2 млн доллар ғана болды. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында ол 51,9 млн долларға жеткен еді.
Табыстың азаю себебі
Air Astana компаниялар тобының бас атқарушы директоры Питер Фостер таза табыстың азаюын ұшақ моторындағы ақаумен түсіндіріп отыр. Өйткені америкалық Pratt & Whitney компаниясы қозғалтқыштағы ақауды дұрыстау үшін оларды кері қайтарып жатыр.
Фостердің айтуынша, биыл 19 қозғалтқыш алынған. Ал олардың 14-і жолаушы тасымалы көп жаз маусымында жүзеге асырылған. Соған байланысты Air Astana биыл шамамен 25,5 млн доллардан айрылды. Енді әуе компаниясы шығынды өндіріп алу жолдарын қарастырып жүр.
Мәліметтерге қарағанда, қозғалтқыштарға қызмет көрсетумен айналысатын Pratt & Whitney ақау салдарынан миллиардтаған доллар шығынға батып отыр.
18 ұшақ алады
Жыл басынан бері Air Astana 7,5 млн жолаушы тасыды. Бұл былтырғыға қарағанда 10,5%-ға артық – 6,8 млн.
2025 жылы компания бір A321neo ұшағын алып, әуе кемелерінің флоты 62-ге жетті. Алдағы жылдары ол тағы 18 ұшаққа кеңейеді. Себебі өткен аптада компания 15 дана Boeing 787-9 Dreamliner ұшағына тапсырыс берген. Бұған қоса үш B787-9 алдағы екі жылда жеткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қазанның басында Air Astana бас директоры Питер Фостер 2026 жылы қызметінен кететіні мәлім болды. Оның орнына түрік азаматы Ибрагим Жанлыел келеді.
Бұған дейін Kursiv.Media топ-менеджердің қызметтен кетуіне компаниядағы ұрлық әсер еткен-етпегенін анықтауға тырысқан.