
Алматы қаласында «Warner Bros» қаржы пирамидасын құрған, басқарған азамат бес жылға сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады.
Құзырлы мекеме сотталушының аты-жөнін атаған жоқ, бірақ қылмыстық іс аясында 40 адам жәбірлену деп танылғанын жариялады.
«Сот үкімімен ұйымдастырушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге сот 40 жәбірленушінің азаматтық талаптарын қанағаттандырып, олардың шығыны тыйым салынған криптоактивтер есебінен өтелетін болды», – делінген агенттік мәліметінде.
ҚМА Алматы қаласында үш бірдей қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғанын 2025 жылғы сәуірде мәлімдеген. Олар: «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX».
Мәліметке қарағанда, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар азаматтарды жоғары табыс табуға уәде беріп, инвестиция салуға үгіттеген.
«Жобаға заңды көрініс беруі үшін осы іске еш қатысы жоқ танымал голливудтық компанияның атауын пайдаланған. Қатысушыларға фильм трейлерлерін қарау және жаңа салымшыларды тарту арқылы табыс табу ұсынылған».
Пирамида 9 деңгейден тұрса, орташа салым мөлшері 225 мың теңге деп белгіленген. Ал төлемдер тек USDT криптовалютасымен қабылданған.
Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді белсенді түрде қолданған. Әкімшілер арнайы чаттар құрып, нұсқаулықтар мен бейнероликтер таратқан, жылдам табыс табуға уәде берген.
Тергеу барысында салымшылардан жиналған және аударылған қаражатты сақтау үшін пайдаланылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен жалпы сомасы 3,8 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Қазақстанда қаржы пирамидасына алданып қалғандар туралы мәлімет жиі жарияланып тұрады. Мәселен, жақында ғана «Үміт Самғау» қайырым емес, қаржы пирамидасы болып шыққан. Ал қазанның аяғында Шымкентте 4 мың адамды алдаған «Nazira Gold» ісі бойынша үкім шыққан.