«Нұрбанк» мемлекеттен алған 4,5 млрд теңге көмектің бір бөлігін өтейді

Жарияланды 27 Қараша 2025 10:22

Нұрән Әділет

Нұрән Әділет

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: Nurbank

«Нұрбанк» номиналы 1000 теңгелік 4,5 млн облигацияны бүгін, яғни 27 қараша күні, кері сатып алады. Осы операциядан кейін банктің балансындағы мемлекеттік қолдау сомасы 46,8 млрд теңгеден 42,3 млрд теңгеге дейін азаяды.

«Ручная экономика» телеграм-арнасының жазуынша, бұған дейін банктің басқарма төрайымы Гүлнар Мұсатаева биыл мемлекеттік көмектің бір бөлігін мерзімінен бұрын өтеу жоспарланғанын айтқан.

«Біз биыл ішінара өтеуді бастау туралы шешім қабылдадық… Қазір кестені қарап, нақтылаймыз. Бірақ жалпы мақсатымыз – мерзімінен бұрын өтеу, оның ішінде МРТ мөлшерлемесін төмендету үшін», – деген Мұсатаева.

Ол кезде өтелетін нақты сома жарияланбаған.

Жалпы биыл еліміздегі бірнеше банк мемлекеттік қолдауды қайтаруға белсенді кірісті. Банк ЦентрКредит мемлекеттің алдындағы қарызды толық өтеді. RBK Bank акционерлері де жыл соңына дейін мемлекеттік көмекті толық қайтаруды ұйғарған. Қыркүйекте Alatau City Bank шамамен 1 трлн теңге берешектің 50 млрд теңгесін жапты. Жақында Еуразиялық банк те мемлекеттік көмекті қайтару процесін бастағанын мәлімдеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Alatau City Bank-тен басқа барлық банк мемлекеттік қолдауды 3-5 жыл ішінде өтейді. Қазіргі қарыз көлемі мынадай: Еуразиялық банк – 150 млрд теңге, Bank RBK – 176,8 млрд теңге (жыл соңына дейін өтейді), Alatau City Bank – 950,2 млрд теңге, ал «Нұрбанк» – 42,3 млрд теңге (оның ішінде жоспарланған 4,5 млрд теңге бар).

«Нұрбанк» актив көлемі бойынша 23 банк ішінде 17-ші орында тұр. Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша банк 11,3 млрд теңге пайда тапқан.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың екінші тоқсанында Эльдар Сәрсеновке тиесілі JP Finance Group компаниясы «Нұрбанктің» 9,82% акциясын иелігінен шығарған еді.

Сондай-ақ оқыңыз