
2 желтоқсан, сейсенбі күні, ұлттық валюта тағы шамамен 5 теңгеге нығайды. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда нәтижесінде 1 доллар 508,20 теңге болды.
Бір күн бұрын KASE-дегі валюта саудасы 511,29 теңгемен жабылған. Ұлттық валюта бүгін де нығаюын тоқтатпай, бір тәуліктің ішінде 4,8 теңгеге күшейді.
Айта кетейік, 2025 жылғы қыркүйектің аяғында доллардың ресми бағамы 550 теңгеге дейін жеткен. Содан кейінгі екі айда төл валюта бірден 50 теңгеге нығайғанының куәсі болып отырмыз. Қазақстан үшін жаңа рекорд.
Осы тұста ескерте кететін маңызды бір жайт – жақында ғана Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгені нығайтуға қараша-желтоқсан айларында тағы 1 трлн теңге жұмсайтынын мәлімдеген. Оның алдында ҰБ интервенцияның бірі түрі – «айналау» әдісіне 5 млрд доллар жұмсаған.
Валюта нарығына көп ақша құйылып жатқанын KASE-дегі саудадан да байқауға болады. Мәселен, сейсенбі күні сағат 15:30-дағы мәлімет бойынша қорда шамамен 290 млн долларға сауда жасалды. Осының бәрі теңгені нығайтып жатыр.
Жыл аяғына дейін 1 доллар 500 теңгеден төмен түсе ме? Осы қарқын сақталса, психологиялық маңызды межеден түсуі керек. Дегенмен ұлттық валютаны қай деңгейде ұстау тұру мәселесін ҰБ шешеді.
Валюта айырбастау мекемелерінде де доллар арзандады. Kurs.kz мәліметінше, қазір Алматы қаласында 1 доллар 509 теңгеден қабылданып, 511 теңгеден сатылып жатыр. Астанада, әдеттегідей, бағам сәл жоғарырақ – 506 және 513 теңге.