Онлайн кредит алардағы үш тексеріс: жаңа биометрия тәртібі бекітілді

Жарияланды 19 Қаңтар 2026 09:53

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
биометрия
Биометрия талаптары қатайды/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда банк пен микроқаржы ұйымдарынан қашықтан кредит алу тәртібі қатаңдайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) биометриялық аутентификацияның жаңа ережелерін бекітіп, клиенттің жеке басын тексеру процесін нақты әрі қатаң талаптармен айқындады. Жаңа құжат бұрынғы 2024 жылғы тәртіптің орнын басады.

Кредит алушы қандай тексерістен өтеді

Енді онлайн кредит рәсімдегісі келген адам ең алдымен бет-бейнесі арқылы биометриялық тексеруден өтеді. Бұл процесс смартфон немесе компьютердегі арнайы бағдарлама арқылы жүргізіледі. Жүйе клиенттің тірі адам екенін анықтау үшін кемінде үш тапсырма береді.

Мысалы, басын бұру, көзін жыпылықтату немесе бет қимылын өзгерту. Осы тапсырмаға сәйкес бейнеқозғалыс байқалмаса, тексеріс қайта жүргізіледі. Үш рет сәтсіз аяқталса, тексеріс теріс шықты деген сөз.

Алынған бейне автоматты түрде мемлекеттік дерекқордағы немесе провайдердің верификацияланған базасындағы эталон суретпен салыстырылады. Осылайша бөтен адамның суретін, фото немесе видео қолдану мүмкіндігі шектеледі.

Суреттер салыстырылып, электронды құжат қалыптасады

Тексерістің әр кезеңі назардан тыс қалмайды. Бейненің шынайылығын тексеру және суреттерді салыстыру нәтижесі бойынша электронды құжаттар қалыптастырылады. Онда клиенттің жеке сәйкестендіру нөмірі, тексеріс уақыты, нәтижесі және қаржы ұйымының деректері көрсетіледі. Бұл құжаттар провайдердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталып, банк немесе микроқаржы ұйымында сақталады.

Биометриялық тексеріс барысында берілетін барлық мәлімет шифрланған арналар арқылы жіберіледі. Сонымен қатар қолданылатын бағдарлама эмуляторда іске қосылмайды және камераны алмастырудан қорғалған.

Жаңа ережелер ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Бұған дейін депутат Мұрат Әбенов банктер кредит бергенде дұрыстап тексермейтінін мәлімдеген. Оның айтуынша, банктер клиенттердің жеке басын куәландыратын эталондық деректер базасына тікелей қол жеткізе алмай отыр.

Сондай-ақ оқыңыз