2025 жылы банктер 2,7 трлн теңге таза пайда тапты

Жарияланды 20 Қаңтар 2026 10:28

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы Қазақстандағы 23 екінші деңгейлі банк 2,7 трлн теңге таза пайда тапты. Бұл 2024 жылдағы 2,55 трлн теңге таза пайдадан 6 пайызға артық. Ол кезде Қазақстан банктерінің таза пайдасы 17%-ға өскен болатын.

Банктердің кірісі мен шығысы туралы есепке сәйкес, былтыр банк жүйесінің жалпы кірісі 98,7 трлн теңгеден асты. Ал осы кірістерді қалыптастыруға кеткен барлық шығын мен салықтарды шегергеннен кейін, банктердің қолында 2,7 трлн теңгеге жуық таза пайда қалды.

Банктер табысының өзегі саналатын сыйақы алуға байланысты кіріс көлемі 9,4 трлн теңгені құраған. Оның негізгі бөлігі клиенттерге берілген несиеден түскен табысқа тиесілі.

Нақтырақ айтқанда, қарыз алушылардан алынған сыйақы кірісі 7 трлн теңгеге жуықтады. Сонымен бірге Ұлттық Банкте орналастырылған салымдар мен түрлі бағалы қағаздар да банктерге қомақты кіріс әкелген.

Ал сыйақыға қатысы жоқ кірістер көлемі бұдан да ауқымды болып, 89 трлн теңгеден асты. Мұнда активтерді қайта бағалаудан түскен кірістердің үлесі басым. Сондай-ақ дилинг операциялары, туынды қаржы құралдарымен жасалған мәмілелер және резервтердің қалпына келуі банктердің табысын еселеген негізгі факторлардың бірі болды.

Шығыстар құрылымына келсек, банктер 5,2 трлн теңгеден астам қаражатты сыйақы төлеуге жұмсаған. Бұл шығыстардың басым бөлігі клиенттердің депозиттері бойынша төленген сыйақыларға тиесілі. Яғни банктер тартылған қаражат үшін айтарлықтай төлем жасап отыр.

Сыйақы төлеуге қатысы жоқ шығыс көлемі 90 трлн теңгеден асты. Бұл қаражат негізінен активтерді қайта бағалау, резервтер қалыптастыру, қаржы нарығындағы операциялар, сондай-ақ еңбекақы, салықтар мен күнделікті шаруашылық шығындарына бағытталған.

Осының бәрін қорытындылай келе, салыққа дейінгі банктердің пайдасы 3,4 трлн теңгені құрады. Ал мемлекетке 681,8 млрд теңге корпоративтік табыс салығы төленгеннен кейін, банк секторы 2,7 трлн теңгеге жуық таза табыспен есепті кезеңді жапқан.

Қазақстанда банктер – тек қаржы институты ғана емес, саясатқа, бизнеске және қоғамға тікелей әсер ететін ықпалды құрылымдар. Әр банк артында белгілі бір топ, әулет немесе халықаралық қаржы алыбы тұр. Бұған дейін Kursiv.Media елдегі 23 банк кімге тиесілі екенін жазған.

Сондай-ақ оқыңыз