
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бизнес өкілдерінің ұсынысын ескеруге уәде берді. Бұл жайлы Үкімет отырысында айтты.
Министрдің сөзінше, Салық кодексіне қол қойылған сәттен бастап 1 400-ге жуық өтініш келіп түскен. Осы айдың басынан бері 205 өтініш келген. Көпшілігі салық режимін таңдау, ұзақ мерзімді шарттарды орындау, жаңа нормаларды іс жүзінде қолдануға байланысты.
«Барлық сындарлы ұсыныстар мұқият қаралып, қорытындысы бойынша түзетулер енгізудің орындылығы мен қажеттілігі айқындалатын болады», – деді министр кәсіпкерлердің сұрағы жайлы.
Бизнес ортаның сауалына жауап беріп, түсіндіру жұмысын жүргізу үшін Салық кодексін енгізу және реттеуші ортаны жеңілдету жөніндегі жобалық кеңсе құрылады. Ол екі тараптың арасындағы бірыңғай үйлестіру нүктесіне айналады.
«Жобалық кеңсе Салық кодексінің жаңа нормаларына ешқандай қайшылықтар мен ақаусыз біркелкі, болжамды және келісілген түрде көшуді және реттеуші ортаны жеңілдетуді қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді министр жаңа ұйымның қызметін.
Кешегі Ұлттық құрылтайда Тоқаев та Жаңа Салық кодексін қайта өзгеріс енгізуді қарастыру керек деген еді.
«Түптеп келгенде Салық кодексі – қасиетті жазба емес. Егер қажет болса, оған да өзгеріс енгізуге болады», – деп айтқан Президент.