Доллардың 1500 теңгеге дейін қымбаттауына негіз жоқ – Ұлттық банк төрағасы

Жарияланды 23 Қаңтар 2026 16:56

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Доллар қымбаттауы мүмкін бе / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамы 1000–1500 теңгеге дейін өсуі мүмкін деген болжамды жоққа шығарды. Оның айтуынша, мұндай деңгейдегі девальвацияға жол беру де, оны әкімшілік жолмен жасау да мүмкін емес.

Тимур Сүлейменов теңгенің долларға қатысты бағамы ең алдымен нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа, сондай-ақ елдегі тауар мен қызмет өндірісінің дамуына байланысты қалыптасатынын айтып өтті. Қазір Қазақстанда теңге бағамы экономиканың нақты көрсеткіштеріне сай, теңгерімді деңгейде тұр.

Ұлттық банк басшысы 2015 жылдан бері елімізде еркін өзгермелі валюта бағамы енгізілгенін еске салды. Осы жүйеге сәйкес, теңгенің бағасы нарықтағы жағдайға қарай өздігінен өзгереді. Бұл саясат экономиканың сыртқы және ішкі сын-қатерлерге бейімделуіне мүмкіндік береді.

Мысалы, экспорттаушылар шетел валютасындағы табысын белсенді түрде сататын кезеңдерде немесе салық төлейтін уақытта теңге нығаюы мүмкін. Ал керісінше, демалыс маусымында азаматтар шетелге жиі шығып, валютаға сұраныс артқан кезде доллар мен еуро қымбаттайды.

«Егер долларды көп адам сатып алса – оның бағасы өседі, ал егер сатушылар көбейсе – арзандайды. Бұл – нарықтың табиғи заңы. Ұлттық банк бұл үдерістерге өте сирек жағдайда ғана араласады. Бағам нан, картоп сияқты тауарлардың бағасы секілді нарықта өздігінен қалыптасады», – деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, теңгені әкімшілік жолмен күрт әлсірету мүмкін емес, өйткені еркін өзгермелі бағам жағдайында мұндай тетік жоқ. Ал доллардың 1500 теңгеге жетуі туралы әңгімелердің ешқандай нақты негізі жоқ.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы инфляциямен күрестің негізгі жолы – ел ішіндегі өндірісті дамыту екенін атап өтті. Егер Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамытып, ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз етсе, инфляция мәселесі де өзектілігін жоғалта бастайды.

Бұған дейін кейбір экономистер алдағы уақытта 1 доллар 1000 теңге тұруы мүмкін деген пікір айтқан. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин теңгенің күрт құнсыздануы отандық кәсіпкерлерге тиімсіз екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз