
Үкімет микро және шағын бизнес нысандарын салық бойынша тексеруге уақытша мораторий жарияламақшы. Құжат 2026 жылғы 12 қаңтарда «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылау үшін шыққан.
Жобаға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін салықтық тексерістер жүргізілмейді. Яғни 2026 жылдың 1 қаңтарына дейінгі уақыт аралығы (салық кезеңдері) бойынша салықшылар келіп, тексеру жүргізе алмайды. Бұл – кәсіпкерлер үшін жеңілдік.
Қандай жағдайда бәрібір тексеруі мүмкін (Ерекше жағдайлар)
- Басталған іс аяқталады: Егер тексеру 2026 жылға дейін тағайындалып қойса, ол тоқтамайды.
- Қылмыстық іс немесе Прокуратура: Егер үстіңізден қылмыстық іс қозғалса немесе прокуратура талап етсе, тексеру бәрібір болады.
- Қарсы тексеру: Егер сіздің серіктесіңізді тексеріп жатса және сізбен арадағы құжаттарды салыстыру керек болса.
- Өз еркіңізбен: Егер кәсіпкер бизнесін жапса немесе артық төленген салықты қайтарғысы келіп, өзі өтініш берсе.
- Жер қойнауын пайдаланушылар: Мұнай, газ, кен өндіру саласындағы ірі компанияларға бұл тыйым жүрмейді.
- Камералдық бақылау: Егер салық органдары компьютер арқылы қашықтан тексергенде қате тауып, сіз оны мойындамасаңыз, олар сол қатені анықтау үшін тексеруге келе алады.
- Соңғы сәттегі өзгерістер: Егер сіз 2025 жылдың 17 желтоқсанынан кейін ескі есептіліктерді (декларацияларды) қайта өткізсеңіз немесе түзетсеңіз, бұл «күдік» тудырып, тексеруге себеп болуы мүмкін.
Камералдық бақылау тәртібі өзгертіледі
Егер кәсіпкер салық есептерін (декларацияларын) 2025 жылдың 17 желтоқсанына дейін тапсырып қойған болса, салықшылар сол ескі кезеңдер бойынша камералдық бақылаужүргізбейді. Бірақ белгілі бір жағдайда тексерулер бәрібір болуы мүмкін.
- Шетелдік серіктестер: Егер бейрезиденттердің табысынан салық төлеуге қатысты істер болса.
- Түзету жасағысы келгендер: Егер сіз 2025 жылдың 17 желтоқсанынан кейін ескі есептеріңізге түзету (қосымша декларация) енгізсеңіз немесе есепті кері қайтарып алсаңыз.
- Өз еркіңізбен: Егер өзіңіз салықтық тексеруді талап ететін өтініш берсеңіз.
- ҚҚС қайтару: Егер бюджеттен ҚҚС ақшасын қайтарып алғыңыз келсе, салықшылар бәрін тексеруге міндетті.
Сондай-ақ мемлекет микро және шағын бизнес үшін 2026 жылға дейінгі ескі қателіктерге «кешірім» беріп отыр.
- Сот істері тоқтайды: Салықшылар 2026 жылға дейінгі жасалған келісімшарттарды немесе компанияны тіркеу істерін «заңсыз» деп тану үшін сотқа арыз бермейді.
- Айыппұл салынбайды: ҚҚС-қа уақытылы тұрмағаныңыз үшін немесе 2026 жылға дейінгі есептерді өткізбегеніңіз үшін әкімшілік жауапқа тартылмайсыз.
- Ерекше жағдай: Егер сіздің үстіңізден құқық қорғау органдары (полиция, Экономикалық тергеу департаменті) іс бастап қойған болса, бұл жеңілдіктер жүрмейді.
- Мақсаты: Мемлекет бизнеске ескі қателіктерін түзеп, 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексімен «таза парақтан» жұмыс бастауға мүмкіндік беріп отыр.
Осыған дейін Ұлттық құрылтайда Тоқаев жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған еді.