
Бүгін Астанада президент Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылы атқарылған іс-шаралар бойынша есеп берді.
Үкімет басшысының сөзінше, былтыр ел экономикасында салық, тариф, бюджет, цифрландыру, құрылыс және әлеуметтік салаларда бірқатар шешім қабылдады. Бұл шешімдер экономиканың дамуына кедергі келтіріп отырған теңсіздікті азайту үшін жасалған.
«Салық және бюджет реформасы Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді алмай-ақ, еліміздің үш жылдық бюджетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол 2028-ші жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,9%-на дейін қысқартуға ықпал етеді. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025-ші жылғы 50%-дан 2028 жылы 34%-ға дейін төмендейді», – деді Бектенов.
Былтыр жүргізілген реформалардың арқасында экономиканың орнықты өсімін сақтап қала алдық дейді премьер-министр. Құндық мәнде ЖІӨ-нің өсуі 20,1 млрд долларға жеткен.
Жалпы ЖІӨ өсімі 6,5% құрады. Экономикалық өсімді негізгі салалардың жедел дамуы қамтамасыз етті. Оның ішінде:
- көлік – 17,8%-ға,
- құрылыс – 14,6%-ға,
- тау-кен өнеркәсібі – 17,4%-ға,
- өңдеу өнеркәсібі – 12,2%-ға,
- сауда – 26%-ға
- ауыл шаруашылығы – 5,9%-ға өсті.