Мемлекеттік бағдарламалар осы жылы цифрлық теңгеге көшеді

Жарияланды 10 Ақпан 2026 17:30

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

​​General news бөлімінің редакторы a.abitay@kursiv.media
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Осы жылы көктемде бюджеттік бағдарламалар цифрлық теңге аударуды бастамақшы. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

«Ол үшін Үкіметпен бірлесіп, сәуір айында бюджеттік бағдарламалар мен жобаларды цифрлық теңгеге аудару үшін арнайы жоспар қабылдаймыз. Бұл – жол салу, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, агроөнеркәсіптік кешенді кредиттеу, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау сияқты салаларды қамтиды», – деді елдің бас банкирі.

Ол Қазақстанның аймақта бірінші болып Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосқанын да атап өтті. Цифрлық теңге жобасы осы платформаның құрамына кіреді. Одан бөлек қауіпсіз биометрия, банк арасындағы аударым, алаяқтықтан қорғау тәрізді цифрлық сервистер де осы инфрақұрылымға біріктіріледі.

Сүлейменов дерегінше, Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы өткен жылы 1,6 квдрлн теңгеге операциялар өңделді. Халық арасындағы операциялардың 80%-і онлайн жүргізіледі.

Ұлттық банк төрағасы интервенцияға қатысты жоспарын да айта кетті. Оның сөзінше, теңге бағамын ұстап тұру үшін биыл 9 млрд доллар жұмсауды көздеп отыр. Былтыр бұл мақсатта 7 млрд доллар кеткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз