Сақ бол: цифрлық теңгеге инвестиция салуға үгіттейтін алаяқтар көбейді

Жарияланды 30 Наурыз 2026 12:53

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары алаяқтардың нөмірін бұғаттайды / фото: REUTERS
Алаяқтар цифрлық теңгеге де жетті / фото: REUTERS

Ұлттық Банк цифрлық теңгеге инвестиция салуға үгіттейтін алаяқтар көбейгенін ескертті. Әлеуметтік желілерде де жалған жарнама қаптаған.

Азаматтардың қалтасына түседі

Бас қаржы мекемесінің дерегінше, қаскөйлер әлеуметтік желілерде «цифрлық теңге мемлекеттік инвестициялық жобасы» туралы жарнаманы белсенді түрде тарата бастаған.

«Сол арқылы қысқа мерзім ішінде мемлекет пен Ұлттық Банк атынан жоғары кірістілік пен қолдауға кепілдік барын айтып сендіруге тырысады. Яғни алаяқтар осындай хабарламаларды пайдаланып, азаматтарды фишингтік сайттарға тартады», – деп мәлімдеді ҰБ.

Қаржы мекемесі «шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деген желеумен қарапайым адамдарды жалған жобаға ақша салуға шақыратынын ескертті.

«Жалған платформаларда, әдетте, азаматтарды қайтадан ақша салуға итермелеу үшін «өсіп келе жатқан пайданы» көрсететін жеке кабинеттің көрінісі жасалады. Осылай алдау арқылы қаскөйлер азаматтардың қаржысына қол салады«.

Ұлттық Банк цифрлық теңге – бұл ұлттық валютаның цифрлы түрі және заңды төлем құралы ғана екенін хабарлайды. Ерекше атап өтетін бір мәселе – цифрлық теңге инвестициялық құралға жатпайды және пайда табуға арналмаған.

Сақ бол!

Осыған байланысты Ұлттық Банк азаматтарға интернет желісіндегі жарнамаларда берілген сілтемеге өткенде және белгісіз нөмірлерден қоңырау шалынған кезде сақ болуға кеңес берді. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріп, қашықтан қол жеткізуге арналған бағдарламаларды орнатпауға кеңес береді. 

Сонымен бірге Ұлттық Банк дербес деректерді жария етпеуге, SMS-код пен банк картасының деректемелерін хабарламауға, үшінші тараптағы тұлғаларға ақша аудармауға үндейді.

Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорларына және қаржы өнімдеріне ақша салуға ұсыныс білдірмейтінін, қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске салады.

Алданып қалған жағдайда не істеу керек?

Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгін.

Бұған қоса, консультация алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз