
Ақтау қаласында жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты. Қаржы қылмысымен 146 млн теңге ұрлаған бухгалтер бес жылға сотталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бухгалтер жүкті әйелдерді қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Ол адам тарту үшін Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жөніндегі маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін арттыруға көмектесуге уәде еткен.
«Схеманы жүзеге асыру үшін туыстары мен таныстарының атына нақты қызмет жүргізбеген бірнеше жеке кәсіпкер тіркелген», – деп таратты құзырлы мекеме.
Жеке кәсіпкерлер мен тартылған тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, есеп айырысу тізімдемелері, еңбек шарттары және өзге де бухгалтерлік құжаттарды дайындап, заңды еңбек қатынастары бар деген жалған көрініс қалыптастырған.
«Осы жалған мәліметтердің негізінде уәкілетті органдар жәрдемақыларды негізсіз жоғары мөлшерде тағайындаған».
Кейбір кәсіпкер төлемдерді алғаннан кейін бұрын аударылған зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды кері қайтаруды рәсімдеген. Қылмыс салдарынан мемлекетке 146 млн теңге көлемінде залал келген.
Бухгалтер қылмыстық жолмен алынған қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алған.
Сот оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді.