
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Конгрестен 2027 қаржы жылына қорғаныс саласы үшін 1,5 трлн доллар бөлуді талап етті. Бұл – елдің қазіргі тарихындағы ең қомақты сома. Бұл туралы жұма, 3 сәуір күні The New York Times (NYT) басылымы хабарлады.
Трамп шығынның күрт өсуін Иранмен жалғасып жатқан соғыс және таусылған қару-жарақ қорын толықтыру қажеттілігімен түсіндірген. Президенттің пайымынша, елдің қауіпсіздігі әлеуметтік бағдарламалардан маңыздырақ: ол денсаулық сақтау және мектепке дейінгі білім беруді қаржыландыру міндетін штаттардың құзырына қалдыруды ұсынып отыр.
Бөлінетін қаражаттың құрылымы:
- 1,1 трлн доллардан астамы стандартты бюджет рәсімдері арқылы;
- 350 млрд доллары бюджетті келісу механизмі арқылы өткізілмек.
Сонымен қатар, Ақ үй ішкі шығындарды 73 миллиард долларға қысқартуды көздеп отыр. Бұл шешім климат, тұрғын үй және білім беру саласындағы бағдарламаларға соққы болып тимек. Керісінше, күштік құрылымдардың бюджеті артады: Әділет министрлігінің қаржысы 13%-ға өсіп, шекара күзеті мен депортация шараларына қосымша қаражат бөлінеді.
Конгресс жоспарды сақтықпен қабылдады
Президенттің бұл сұранысы қос партия заң шығарушыларының күмәнін тудырды. Басты наразылық – АҚШ әкімшілігінің Конгресті бес аптадан бері жалғасып жатқан Иран соғысын бақылау процесінен іс жүзінде шеттетіп тастауы.
Айта кетерлігі, парламент өкілдері 2026 жылғы бюджетті талқылау кезінде де әлеуметтік шығындарды дәл осылай қысқарту туралы ұсыныстарды қабылдамай тастаған.
Сондықтан қазіргі бастамалардың да қарсылыққа тап болу қаупі жоғары. Сарапшылар бұл жоспар іске асса, он жыл ішінде мемлекеттік қарызға тағы ондаған триллион доллар қосылатынын ескертеді. Бюджет сұранысының толық мәтіні әлі жарияланған жоқ.
Соғыс барысы: Ирандағы жағдай
Үш апталық әуе соққылары нәтижесінде АҚШ пен Израиль Иранның флоты мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін істен шығарып, ондаған ұшақ пен зымыран қондырғысын жойды. Шабуылдың алғашқы күні-ақ жоғарғы көсем Әли Хаменеи мен әскердегі негізгі қолбасшылары қаза тапқан.
Дегенмен, Тегеран режимі әлі де билікте отыр: Иран басшылығы қарсылықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеп, соғысты тоқтату шарты ретінде ешқандай шабуыл жасалмайтынына кепілдік беруді талап етті.