Ормұз бұғазындағы юаньмен есептесу жүйесі қытайлық компаниялардың акцияларын өсірді

Жарияланды 6 Сәуір 2026 10:37

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қытай компанияларының акциялары өсті / Фото: gemini generated

Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіс Қытай мен Иран арасындағы тығыз қарым-қатынас юаньді жаһандық капиталдағы негізгі балама валютаға айналдырып отыр.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қытайдың Сауда министрлігі Ормұз бұғазы арқылы өту үшін Иран белгілеген алымдар юаньмен төленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл жаңалықтан кейін трансшекаралық төлемдермен айналысатын қытайлық компаниялардың акциялары күрт қымбаттады.

Нарықтағы дүрбелең: кімнің акциясы өсті?

Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) қаржы бөлімшесі – CNPC Capital-дың акциялары Шэньчжэнь қор биржасындағы сауда-саттық кезінде 10%-ға артып, күндік шекті деңгейден асып түсті. Соңғы бір аптадаға өсім 15,1%-ды құрады. Сондай-ақ:

  • Төлем қызметтерін ұсынатын ірі оператор Lakala Payment Co. акциялары 7,9%-ға;
  • Shenzhen Forms Syntron Information қаржы-технология компаниясының құнды қағаздары 9,4%-ға өсті.

Юань әлемдегі балама валютаға айнала ма

Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға – нарық көптен күткен нақты мысал. Қытай билігі юаньді халықаралық деңгейге шығарып, оған де-факто әлемдік резерв валюта мәртебесін беруді көздеп отыр. Геосаяси қақтығыстар жаһандық капиталдың Қытайға қарай ағылуына қосымша серпін береді.

Lloyd’s List есебіне сүйенсек, кеме иелері энергия тасымалы үшін стратегиялық маңызы бар осы су жолынан өткені үшін Иранға әр кемеден 2 млн доллар көлемінде алым төлейді. Енді бұл соманы юаньмен есептесуге мүмкіндік туды.

Еске сала кетейік, Иран бақылауындағы бұл маңызды көлік дәлізі арқылы тасымалданатын шикізаттың әр баррелі үшін 1 доллар көлемінде баж салығы алынады.

Төлемдер юань немесе стейблкоиндермен жүргізіледі. Айта кетейік, шикі мұнай тасымалдайтын алып танкерлердің (VLCC) сыйымдылығы орта есеппен екі миллион баррельді құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз