Жыл басынан бері өңірлерде бензин бағасы қаншалықты өсті

Жарияланды 10 Сәуір 2026 13:39

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Өңірлерде бензин бағасы қандай / фото: gemini generated

Қазақстан бойынша АИ-95 бензинінің наурыздағы орташа бағасы қаңтар айындағы 304 теңгеден 309 теңгеге дейін көтеріліп, 3 ай ішінде 5 теңгеге қымбаттады. Бұл көрсеткіш еліміздегі жоғары октанды жанармай құнының біршама қымбаттағанын аңғартады, алайда бағаның өсу қарқыны әр өңірде әртүрлі қалыптасқан.

Инфографика / Нұрсұлтан Ерболатұлы

Өңірлердегі АИ-95 құнының динамикасы

Өңірлер арасында АИ-95 бағасы Қызылорда қаласында күрт өсіп, үш айдың ішінде 292 теңгеден 307 теңгеге дейін, бірден 15 теңгеге артты. Сонымен қатар Ақтау қаласында баға 13 теңгеге көтеріліп, 296 теңгені құраса, Ақтөбе мен Қарағандыда 9 теңгеге қымбаттады.

Аймақтарда АИ-95 бензинінің қымбаттауы республикалық орташа көрсеткіштен едәуір жоғары екенін байқауға болады. Ал Көкшетау қаласы бұл марка бойынша ең тұрақты аймақ болып отыр, онда баға наурыз айында небәрі 1 теңгеге ғана өзгерген.

Бензин бағасының ең қымбат және ең арзан нүктелері

Наурыз айындағы АИ-95 маркасының ең жоғары бағасы Алматы мен Талдықорған қаласында тіркеліп, 320 теңгені құрады, ал ең төменгі құн Атырауда 284 теңге деңгейінде сақталып отыр. Мегаполистерге тоқталсақ, Астана мен Алматыда баға бірдей мөлшерде, яғни 3 теңгеге өссе, Шымкентте қымбаттау 6 теңгені көрсетті. Қонаев, Қостанай, Павлодар, Тараз және Түркістан секілді қалаларда бағаның 5 теңгеге көтерілуі жалпы республикалық тенденцияға толық сәйкес келеді.

Орал, Өскемен және Семей қалаларында да баға 6 теңгеге өсіп, АИ-95 жанармай нарығындағы біркелкі өзгерісті байқатты. Жекелеген қалалардағы бағадағы мұндай айырмашылық логистикалық шығын мен аймақтық сұранысқа байланысты болуы мүмкін.

АИ-92 маркалы бензин бағасы тұрақты

АИ-95 маркасымен салыстырғанда, АИ-92 бензинінің бағасы елімізде айтарлықтай тұрақтылық танытып отыр.

Республика бойынша орташа көрсеткіш ақпан және наурыз айларында өзгеріссіз қалып, 235 теңге деңгейінде сақталды. Бұл ретте көптеген ірі қалаларда, соның ішінде Астана (237 теңге), Алматы (239 теңге), Шымкент (223 теңге) және Ақтауда (232 теңге) баға мүлдем өзгермегенін көруге болады.

Осылайша, ең көп қолданылатын отын түрі наурыз айында негізгі нарықтарда тұрақты құнын сақтап қалды.

Еске сала кетейік, сәуірден бастап АИ-92 бензині бағасының өсуіне қатысты мораторий күшін жойды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов баға қымбаттауы мүмкін екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз