
ForteBank-тің аудиттелген есебіне сәйкес, 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша банктің өзінің еншілес ұйымы – Home Credit Bank-ке салған инвестициясы 273,8 млрд теңгені құрады. Банкті сатып алу мәмілесі дәл осындай сомаға бағалануы мүмкін.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде ForteBank Home Credit Bank-тің 26,8% акциясын иеленіп, олар инвестиция ретінде жіктелген болатын. Кейінірек, 2025 жылдың қараша айының соңында банк өз үлесін 75%-ға дейін арттырып, Home Credit Bank-ке бақылау орнатты. HCB-нің 100% акциясын сатып алу мәмілесі 2025 жылдың желтоқсанында аяқталды.

Сонымен қатар, 2025 жылдың қарашасында ForteBank банк үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен және қолдаумен айналысатын HomeITTech компаниясының 100% акциясын иеленді. Есепке сәйкес, бұл компанияға салынған инвестиция көлемі 14,9 млрд теңгені құрады.
«Банк нарықтағы үлесін арттыруға және синергетикалық әсер алу мүмкіндігіне бағытталған стратегиялық бастамаларға байланысты Home Credit Bank пен HomeITTech-ті сатып алды», – делінген есепте.
2025 жылдың маусым айында ForteBank пен Home Credit Bank арасында 100 пайыз акциясын сатып алу жөнінде келісім жасалған. Ал желтоқсанда ForteBank-тің қатысу үлесі 100%-ға жетіп, Home Credit Bank-тің жалғыз акционері атанған еді.
Өз кезегінде ForteBank-тің 91,1% акциясына Forbes Kazakhstan рейтингіндегі алпауыт кәсіпкер Болат Өтемұратов иелік етеді, қалғаны еркін айналымда.