
Жоғары базалық мөлшерлеме мен салық саясатының өзгеруі кәсіпкерлік ортаның мінез-құлқын мүлдем басқа арнаға бұрып жіберген. Қазір кәсіпкерлерге артық қаржысын кәсібін дамытуға салғаннан гөрі, депозитте сақтаған тиімді болып тұр. Бұл туралы Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова сұхбатында айтты.
Кәсіпті дамытудан депозит қауіпсіз
Шаяхметованың айтуынша, отандық бизнес ортада «дамудан бас тарту» үрдісі байқалып отыр. Кәсіпкерлер өндірісті жаңғыртуға немесе жаңа жобаларды іске қосуға тәуекел етпейтін болған.
Бұған банк депозиттерінің тым жоғары табыс беруі себеп. Күрделі бизнес-процестермен айналысып, өндірістік қатерлерге бас тіккеннен көрі, бос қаражатты 19–20%-дық мөлшерлемемен депозитке салу әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз. Яғни, нақты секторға салынуы тиіс инвестициялар банк шоттарында «өлі капитал» болып жиналып жатыр,
Үміт Шаяхметованың пайымдауынша, теңгедегі депозит мөлшерлемесін мемлекеттік деңгейде реттейтін кез келді. Қазіргі нарықтағы өзара бәсекелестік қисынсыз жағдайға әкелген: шағын банктер клиент тарту үшін депозит ставкаларын шарықтатып жіберген.
Бұл бүкіл нарықтағы қорландыру базасының қымбаттауына соқтырды. Нәтижесінде, банктер үшін ақша жинаудың өзіндік құны 20%-ға жетсе, бизнеске берілетін несие пайызы 24%-дан бір-ақ шықты. Мұндай қымбат несиені алып, табысты жұмыс істеу кез келген кәсіпкер үшін ауыр жүк.
Салық ауыртпалығы: шығын халықтың қалтасына түседі
Экономикадағы тағы бір өткір мәселе – салық жүктемесінің артуы. Әсіресе, маржасы (пайдасы) төмен шағын және орта бизнес үшін жаңа салық талаптары айтарлықтай соққы болмақ.
Алайда, банк басшысы бұл жерде бір маңызды заңдылықты ескертеді: кәсіпкер салықты өз қалтасынан төлемейді. Кез келген қосымша қаржы шығыны тауар мен қызметтің түпкілікті бағасына қосылады. Демек, бизнеске салынған салық ауыртпалығы айналып келгенде қарапайым тұтынушы – халықтың иығына түспек.
Бұған дейін Шаяхметова банктер бизнеске несие беруі үшін мемлекет салық жеңілдігін қарастыру керек деп мәлімдеген.