Трамп Қытайға шенеуніктерден гөрі ірі бизнес иелерін көбірек ертіп келді

Жарияланды 14 Мамыр 2026 08:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Трамп пен Си Цзиньпин / фото: gemini AI

Bloomberg мәліметінше, Трамп пен Си Цзиньпиннің бейсенбі күнгі кездесуі қарсаңында екі ел басшылары сауда, технология, Тайвань және Иран мәселесі бойынша өз позицияларын нығайтуға тырысты. Бірақ олардың мақсатқа жету жолындағы әдістері екі түрлі.

Америка президенті Трамп мақтау айтқанды және естігенді жақсы көреді. Ол Қытай басшысын көпе-көрнеу мақтап:

«Президент Симен қарым-қатынасым керемет, оны қатты сыйлаймын», – дейді.

Өзінің ықпалын көрсету үшін ол Қытайда бизнесі бар Apple басшысы Тим Кук, Goldman Sachs басшысы Давид Соломон және Tesla иесі Илон Маск сияқты 16 ірі бизнесменді ертіп келді.

Ал Си Цзиньпин болса, агенттіктің жазуынша, керісінше, өте салмақты әрі мақтауға алданбайды. Трамп жылы сөйлеп жатқанда, Си қатаң талаптар қоюға көшті. Қытай өз технологиясы мен шикізатын қорғау үшін жаңа ережелер енгізді.

Тіпті Meta компаниясының ірі келісіміне тосқауыл қойып, АҚШ-тың Иранға қатысты санкцияларын елемейтінін көрсетті. Сарапшы Венди Катлердің айтуынша, бұл әрекеттер Қытайдың бұл кездесуге үлкен сеніммен келгенін білдіреді.

Басылымның атап өтуінше, 2017 жылмен салыстырғанда, қазір Қытайдың жағдайы әлдеқайда нық. Трампқа Си Цзиньпиннің көмегі көбірек қажет. Ол Қытайдың америкалық тауарларды (соя, мұнай) көбірек сатып алғанын және Иранмен арадағы шиеленісті шешуге көмектескенін қалайды.

Си Цзиньпиннің де өз сұрауы бар: ол сауда соғысын тоқтатып, Қытайға салынған технологиялық шектеулерді алып тастауды талап етеді. Ең басты мәселе – Тайвань.

Си Трамптан Тайваньға қару сатуды тоқтатуды және Тайваньның тәуелсіздігіне қарсы екенін ашық айтуды сұрамақ. Егер Трамп бұған келіссе, бұл үлкен саяси оқиға болар еді.

Дегенмен, Bloomberg сарапшысы бұл кездесуден бірден үлкен нәтиже күтудің қажеті шамалы екенін ескертеді.

Екі жақ та үмітті тым арттырмауға тырысып жатыр. Бұл саммит – нақты келісімдерден гөрі, әлемнің ең ықпалды екі лидерінің бір-бірін сынап, өз айбынын көрсетуіне көбірек ұқсайды.

Еске салай кетейік, АҚШ Президенті Дональд Трамп 13 сәуірде Бейжіңге келіп, ұшақтан түсті.

Сондай-ақ оқыңыз