Трамп Қытайға шенеуніктерден гөрі ірі бизнес иелерін көбірек ертіп келді

Жарияланды 14 Мамыр 2026 08:00

(жаңартылды 14 Мамыр 2026 15:24)
Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі
фото: BBC

Bloomberg мәліметінше, Трамп пен Си Цзиньпиннің бейсенбі күнгі кездесуі қарсаңында екі ел басшылары сауда, технология, Тайвань және Иран мәселесі бойынша өз позицияларын нығайтуға тырысты. Бірақ олардың мақсатқа жету жолындағы әдістері екі түрлі.

Америка президенті Трамп мақтау айтқанды және естігенді жақсы көреді. Ол Қытай басшысын көпе-көрнеу мақтап:

«Президент Симен қарым-қатынасым керемет, оны қатты сыйлаймын», – дейді.

Өзінің ықпалын көрсету үшін ол Қытайда бизнесі бар Apple басшысы Тим Кук, Goldman Sachs басшысы Давид Соломон және Tesla иесі Илон Маск сияқты 16 ірі бизнесменді ертіп келді.

Басылым Си Цзиньпинді керісінше, өте салмақты әрі мақтауға алданбайды деп сипаттаған. Трамп жылы сөйлеп жатқанда, Си қатаң талаптар қоюға көшті. Қытай технологиясы мен шикізатын қорғау үшін жаңа ережелер енгізбек.

Тіпті Meta компаниясының ірі келісіміне тосқауыл қойып, АҚШ-тың Иранға қатысты санкцияларын елемейтінін көрсеткен. Сарапшы Венди Катлердің айтуынша, бұл әрекеттер Қытайдың кездесуге үлкен сеніммен келгенін білдіреді.

Басылымның атап өтуінше, 2017 жылмен салыстырғанда, қазір Қытайдың жағдайы әлдеқайда нық. Трампқа Си Цзиньпиннің көмегі көбірек қажет. Ол Қытай америкалық тауарларды (соя, мұнай) көбірек сатып алғанын және Иранмен арадағы шиеленісті шешуге көмектескенін қалайды.

Си Цзиньпиннің де сұрауы бар. Ол сауда соғысын тоқтатып, Қытайға салынған технологиялық шектеулерді алып тастауды талап етеді. Ең басты мәселе – Тайвань.

Си Трамптан Тайваньға қару сатуды тоқтатуды, Тайваньның тәуелсіздігіне қарсы екенін ашық айтуды сұрамақ. Егер Трамп бұған келіссе, бұл үлкен саяси оқиға болар еді.

Дегенмен, Bloomberg сарапшысы кездесуден бірден үлкен нәтиже күтудің қажеті шамалы екенін ескертеді.

Екі жақ та үмітті тым арттырмауға тырысып жатыр. Бұл саммит – нақты келісімдерден гөрі, әлемнің ең ықпалды екі лидерінің бір-бірін сынап, өз айбынын көрсетуіне көбірек ұқсайды.

Еске салай кетейік, АҚШ Президенті Дональд Трамп 13 сәуірде Бейжіңге келіп, ұшақтан түсті.

Сондай-ақ оқыңыз