
Британ саясатындағы соңғы өзгерістер Еуропалық Одақпен арадағы қарым-қатынасты қайта қарауға түрткі болды. Лейбористік партия көшбасшылары мен үміткерлері ЕО-мен тығыз ынтымақтастық орнату қажеттілігі туралы жиі айта бастады.
Брексит Ұлыбритания экономикасына ауыр соққы болып, ЖІӨ-нің 4%-дан астамға қысқаруына алып келді. The Economist мәліметінше соңғы сауалнамалар қоғамның 58%-ы ЕО-дан шығуды қате шешім деп санайтынын және Еуропамен байланысты қайта жандандыруды қолдайтынын көрсетеді. Қазіргі таңда тараптар азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық ресурстар және сауда ережелері сияқты нақты салаларда ымыралы шешімдер іздестіруде, бірақ бұл шаралардың экономикалық тиімділігі әзірге шектеулі болып тұр.
Саяси кедергілер мен дипломатиялық тартыс
Келіссөздер барысындағы басты мәселелердің бірі – қаржылық жарналар. ЕО өзінің бірыңғай нарығына қолжетімділік үшін Ұлыбританиядан кедейірек мүше елдерді қолдауға бағытталған үйлестіру қорларына қаржы бөлуді талап етеді. Бұған қоса, ішкі саясаттағы консерваторлар мен «Реформа» партиясы ЕО-мен кез келген жақындасуға үзілді-кесілді қарсы шығып отыр. Британ үкіметі өзіне ыңғайлы жеке модель құруды көздесе, ЕО дипломаттары тек қалыптасқан дайын ережелер мен стандарттарға сүйенуді ұсынады.
Болашақтың ықтимал үлгісі: Швейцария моделі
Сарапшылар Ұлыбритания үшін Швейцария моделін ең тиімді шешім деп болжайды. Бұл үлгі толық мүшелікке жатпаса да, тауарлардың бірыңғай нарығына қолжетімділік береді. Алайда, бұл қадамға бару үшін британ үкіметі саяси батылдық танытып, иммиграциялық бақылау мен сауда-саттық шарттары бойынша ЕО-мен ымыраға келуі қажет. Түптеп келгенде, Ұлыбританияның Еуропамен болашақ қарым-қатынасы оның осы саяси қиындықтарды қалай жеңетініне тікелей байланысты болмақ.
Айта кетейік, ЕуроОдақ соғыс басталғалы Украинаға 195 млрд еуро көмек берді