
Британия саясатындағы соңғы өзгерістер Еуропалық Одақпен арадағы қарым-қатынасты қайта қарауға түрткі болды. Лейбористік партия көшбасшылары мен үміткерлері ЕО-мен тығыз ынтымақтастық орнату туралы жиі айта бастады.
Брексит Ұлыбритания экономикасына ауыр соққы болып, ЖІӨ 4%-ға қысқарды. The Economist мәліметінше, ағылшын қоғамының 58%-ы ЕО-дан шығуды қате шешім деп санайды және Еуропамен байланысты қайта жандандыруды қолдайды. Қазір тараптар азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық ресурстар және сауда ережелері сияқты нақты салаларда ымыралы шешімдер іздестіруде, бірақ бұл шаралардың экономикалық тиімділігі әзірге шектеулі болып тұр.
Саяси кедергілер мен дипломатиялық тартыс
Келіссөздер барысындағы басты мәселелердің бірі – қаржылық жарналар. ЕО талабы бойынша, одаққа мүше ел өзінен әл-ауқаты төмен өзге мемлекеттерге қолдау білдіру үшін арнайы қорға қаржы бөлуі керек. ЕО-ға қайта оралса, Ұлыбритания да осы талапты орындауға тиіс. Дегенмен ішкі саясаттағы консерваторлар мен «Реформа» партиясы бұл шартқа наразы. Олар ЕО-мен кез келген жақындасуға үзілді-кесілді қарсы шығып отыр. Британ үкіметі өзіне ыңғайлы жеке модель құруды көздесе, ЕО дипломаттары тек қалыптасқан дайын ережелер мен стандарттарға сүйенуді ұсынады.
Болашақтың ықтимал үлгісі: Швейцария моделі
Сарапшылар Ұлыбритания үшін Швейцария моделін ең тиімді шешім деп болжайды. Яғни одақтың мүшесі саналмайды, бірақ Еуропа нарығына кіріп, экономикалық-сауда байланысын орнатуға ешнәрсе кедергі емес. Алайда бұл қадамға бару үшін британ үкіметі саяси батылдық танытып, иммиграциялық бақылау мен сауда-саттық шарттары бойынша ЕО-мен ымыраға келуі қажет. Түптеп келгенде, Ұлыбританияның Еуропамен болашақ қарым-қатынасы оның осы саяси қиындықтарды қалай жеңетініне тікелей байланысты болмақ.
Айта кетейік, ЕуроОдақ соғыс басталғалы Украинаға 195 млрд еуро көмек берді