Штатқа алуға мәжбүрлейді: Еңбек кодексіндегі жаңа түзетулер кімдерге әсер етеді

Жарияланды 29 Мамыр 2026 11:50

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі
Келісімшартқа отыру / фото: gemini AI

8 маусымнан бастап Қазақстанда Еңбек кодексіне енгізілген жаңа түзетулер күшіне енеді. Енді жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қатынаста кәдімгі еңбек қатынастарының кем дегенде бір белгісі байқалса, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС) жасасуға қатаң тыйым салынады.

Бұрын компаниялар салық төлеу немесе жұмысқа алу процедурасы жеңіл болғандықтан, кеңседе тұрақты жұмыс істейтін адамдардың өзін АҚС шарт арқылы жұмысқа ала беретін. Енді заң бойынша шарттың құжаттағы атауына емес, жұмыстың нақты қалай істеліп жатқанына басты назар аударылады.

Фрилансер мен қызметкердің аражігі

Бұл өзгерістердің, іс жүзінде, нені білдіретінін, жаңа нормалар бизнес пен еңбек нарығына қалай әсер етуі мүмкін екенін Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер және салық консультанты Раушан Тасшоинова түсіндірді.

Сарапшының айтуынша, егер адам белгілі бір мамандық бойынша жұмысты орындаса, компанияның ішкі тәртібіне бағынып, нақты жұмыс кестесімен еңбек етсе және жұмыстың нәтижесі үшін емес, процестің өзі үшін тұрақты сыйақы алса, бұл – нақты еңбек қатынастары болып саналады.

Ал нағыз фрилансер жұмысты өзіне ыңғайлы уақытта, ешкімге бағынбай істейді және нақты біткен жұмыс үшін ғана ақы алады. Раушан Тасшоинова қазіргі таңда IT, маркетинг, аутсорсинг сияқты салаларда икемді жұмыспен қамту үлесі өсіп жатқанын, сондықтан бұл өзгерістер жұмыс берушілерді мамандармен арадағы қатынастардың сипатын әлдеқайда мұқият бағалауға мәжбүр ететінін атап өтті.

Бизнес үшін тәуекелдер мен айыппұлдар

Жаңа ережелерді сақтамаған және заң талаптарын айналып өткісі келген кәсіпкерлер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер тексеріс кезінде компания АҚС шарты арқылы тұрақты қызметкерді ұстап отырғаны анықталса, бизнеске 648 750 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Оған қоса, жұмыс беруші ол адамды ресми түрде штатқа қабылдауға, демалыс ақысы мен аурухана парағы сияқты барлық еңбек кепілдігін ұсынуға мәжбүр болады.

Мемлекет осы қадам арқылы жұмысшылардың құқығын қорғап, оларды әлеуметтік кепілдіктерсіз қалдырмауды көздеп отыр. Ал бизнеске қағаз жүзінде емес, іс жүзінде, еңбек шарты мен АҚС шартының аражігін нақты ажыратуға тура келеді.

Еске сала кетейік, салық органдары енді өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендерді тексереді.

Сондай-ақ оқыңыз