
Bloomberg мәліметінше SpaceX аэроғарыш компаниясы алдағы IPO барысында кем дегенде 1,8 триллион долларға бағаланады деп күтілуде. Инвесторлармен және кеңесшілермен ақылдасқаннан кейін компания өз амбицияларын сәл төмендеткен. Себебі, сәуір айында бұл көрсеткіш 2 триллион доллардан асады деп болжанған еді
Жоспар бойынша, компания 4 маусымда IPO-ның роуд-шоуын (roadshow) бастап, 11 маусымда акциялардың орналастыру бағасын нақтылайды. IPO-ның жалпы көлемі 75 миллиард долларға жетуі ықтимал. Егер бұл іске асса, SpaceX 2019 жылы Saudi Aramco орнатқан 29 миллиард долларлық рекордтан асып түседі. Компания акциялары Nasdaq биржасында SPCX тикерімен саудаланатын болады.
Қаржылық көрсеткіштер және шығындар
Осы айдың басында жарияланған IPO проспектісі компанияның 2025 жылғы түсімі 33%-ға артып, 18,67 миллиард долларға жеткенін көрсетті. Дегенмен, ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды әзірлеуге жұмсалған қыруар қаржының салдарынан компания 4,94 миллиард доллар көлемінде таза шығын тіркеген.
Илон Масктың бақылауы және жаңа активтер
2002 жылы Марсты игеру миссиясымен SpaceX-тің іргесін қалаған Илон Маск әлі де компанияның құрылымы мен басшылығын қатаң бақылауда ұстап отыр. Ол – компанияның бас директоры (CEO) әрі ең ірі акционері. 1 мамырдағы жағдай бойынша Маск дауыс беру құқығының 85%-на иелік етеді және сегіз адамнан тұратын директорлар кеңесін басқарады.
Айта кетейік, биыл ақпан айында SpaceX Маскқа тиесілі xAI жасанды интеллект стартапын сатып алған болатын. Бұл келісімнен кейін біріккен компанияның құны 1,25 триллион долларға бағаланған еді.
Еске сала кетейік, Илон Маск 1 млн адамға Марста қоныс тұрғызғаны үшін сыйақы алады