
Астанада Қазақстан мен Еуропалық Одақ өкілдері бас қосып, екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелерін талқылады. Биылғы 29 мамырда өткен бұл жиынды Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов пен Еуропалық тараптың өкілі Одроне Перкаускене бірлесіп өткізді.
Күрделі дипломатиялық терминдерді былай қойып, бұл кездесудің қарапайым халыққа берер пайдасына тоқталсақ, қуантатын бірнеше жақсы жаңалық бар.
Ең көп талқыланған әрі күтілген жаңалықтың бірі – қазақстандықтар үшін Еуропаға виза алу тәртібін жеңілдету мәселесі. Тараптар бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта жандандыруға уәделесті. Сонымен қатар, Еуропада оқығысы келетін жастар үшін де жақсы хабар айтылды. Erasmus+ және Horizon Europe бағдарламалары арқылы Қазақстан мен Еуропа университеттері арасындағы студенттер мен ғалымдар алмасу көлемі арта түспек. Бұдан бөлек, Еуропа мен Азияны байланыстыратын көлік-логистикалық жолдарды жақсарту, жасыл энергия өндіру және Қазақстаннан экспортталатын тауарлар көлемін көбейту сияқты маңызды жоспарларға да ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, әлемдік нарықта авиаотын бағасының өсуіне байланысты Қазақстандағы әуе билеттері қымбаттамайды. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтқан болатын.