Баспана нарығы салқындады: сарапшылар сатылымның неге төмендегенін түсіндірді

Жарияланды 11 Маусым 2026 16:49

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Тұрғын үй нарығының төмедеуі / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Девелопер, құрылыс және реновация саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрованың пікірінше, жылжымайтын мүлік нарығындағы қазіргі жағдайды құлдырау емес, салқындау деп бағалаған дұрыс.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, мамыр айында ел бойынша 30 420 мәміле жасалған. Тек пайыздық өзгеріске қарасақ, бұл көрсеткіш алаңдатарлық көрінуі мүмкін.

Алайда соңғы 2–3 жылдың статистикасын кеңірек қарасақ, жағдай басқаша көрінеді. 2026 жылғы мамыр шамамен 2024 жылдың деңгейінде және 2023 жылдан айтарлықтай жоғары. Бұл нарықтың құлдырауы емес. Нарық 2024 және 2025 жылдардағы зейнетақы жинақтарын белсенді пайдалану кезеңінен кейін тұрақты деңгейге қайта оралып жатыр.

Нақты не өзгерді:

– пәтерлер ұзақ сатылып жатыр, сауда да көбірек жасалады;
-ипотека жаңа кредиттік коэффициенттер бойынша мақұлданады;
-сатып алушылар шешімді бұрынғыдан салмақтырақ қабылдайды;
-үй сату қиындай түсті.

Алматыға жеке тоқталсақ, мамырда 4 925 мәміле жасалды. Бұл сәуірмен салыстырғанда 24,2%-ға, ал былтырғы мамырмен салыстырғанда 31,2%-ға аз. Төмендеу айқын байқалады. Соған қарамастан, Алматы Астанадан кейін елдегі екінші ірі жылжымайтын мүлік нарығы болып қалып отыр.

Сейтнұрованың айтуынша, мұны әзірге дағдарыс емес, нарықтың салқындауы деп атауға болады. 2024–2025 жылдардағы белсенділік көп жағдайда мемлекеттік бағдарламалар мен БЖЗҚ-дан қаражат алу мүмкіндігіне сүйенді. Мұндай қолдау азайған кезде нарық өзінің шынайы деңгейін іздей бастайды.

BI Group басшысы да осыны меңзейді

Сонымен қатар Қазақстандағы ірі құрылыс холдингтерінің бірі BI Group басшысы Айдын Рахимбаев та жылжымайтын мүлік нарығында сатылым төмендегенін айтты.

«Сірә, алдағы уақытта жағдай қиындай түсуі мүмкін», – деді ол.

Рахимбаевтың айтуынша, компания нарықтағы проблемаларды алтыншы ай қатарынан тұрақты түрде байқап отыр.

«Біз жетінші, сегізінші, тоғызыншы немесе оныншы айда бір керемет өзгеріс болмайтынын анық түсінеміз. Жағдай шамамен дәл осындай күрделі күйінде қалады», – деді BI Group басшысы.

Оның пікірінше, дағдарыс кезеңі тағы 12–18 айға созылуы мүмкін. Ел ішіндегі негізгі қысым Алматы нарығында байқалып отыр. Бұл қалада құрылыс компаниялары сатылым көлемінің айтарлықтай төмендегенін тіркеген.

«Алматыда сатылым төмендеп жатыр, ал Ташкентте, керісінше, өсіп келеді. Шынымды айтсам, біз қазір бизнесті әртүрлі елдерде белсенді түрде геодиверсификациялап жатқанымыз да осы себептен», – деді Рахимбаев New Vision 2026 форумында.

Айта кетейік, Қазақстандықтар 4 бөлмелі пәтерді сирек сатып ала бастады

Сондай-ақ оқыңыз