КТК телеарнасы Нұрсұлтан Назарбаевты тағы да дивидендсіз қалдырды

Жарияланды 12 Маусым 2026 12:01

Данил Тумашевич

Данил Тумашевич

Шеф-редактор d.tumashevich@kursiv.kz
Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
дивиденды
Телеарна кейінгі төрт жылда дивиденд төлемеді / фото: shutterstock

КТК теларнасы 2025 жылдың қорытындысы бойынша шығынға ұшырап, ірі акционері саналатын Нұрсұлтан Назарбаев қорына тағы дивиденд тимеді. Қаржылық есептілік депозитарийіне (ҚЕД) осындай мәлімет жолданды. Құжатта акционерлердің 28 мамырдағы жиналыста қабылдаған шешімі туралы айтылды.

Дивиденд пен сыйақы жоқ

Телеарна акционерлері 2025 жыл шығынмен аяқталуына байланысты былтырғы таза табысты бөлмеу туралы шешім қабылдады. Соған байланысты компанияның жай акцияларына дивиденд төлеу толығымен тоқтатылды. Айта кетейік, 2022, 2023 және 2024 жылдары да осындай төлем жасалған жоқ.

Құжатқа сәйкес, Директорлар кеңесінің мүшелері, бас директор және басқарма құрамындағылар 2025 жылдың қорытындысы бойынша сыйақы алмайды.

Басымдыққа ие акциялар бойынша ғана төлем жасалады. Ол былтыр жинақталған қордан төленеді. 1 акция 100 теңгеден есептелді. Компания жарғысына сәйкес, КТК-да осындай 500 акция бар. Сонда төлемдердің жалпы көлемі 50 мың теңге ғана болып тұр.

Аудитор ауысты

Акционерлер жиналысында аудиторлық ұйымды ауыстыру туралы шешімді мақұлдады. Телеарнаның алдағы үш жылдағы (2026-2028 жылдары) қаржы есебін бақылау «Kaz Audit Finance» компаниясына жүктелді. Бұған қоса Есеп комиссиясының құрамы жаңартылып, оған үш жаңа маман кірді.

Egov мәліметінше, КТК-ның 105 құрылтайшысы бар.

ҚЕД сайтында 2025 жылғы қаржы есебі жарияланған жоқ, бірақ оның алдындағы мәліметтер телеарна үшін 2024 жыл айтарлықтай табысты болғанын көрсетеді. Екі жыл бұрынғы таза пайда 67,4 млн теңге, ал 2023 жылғы табыс 64,9 млн теңге болған.

Компанияның тауар мен қызмет өткізуден түскен табысы – 5,7 млрд теңге, көрсетілген қызметтердің өзіндік құны – 4,7 млрд теңге, жалпы табыс – 970,2 млн теңге. Компанияның салық төлеуге дейінгі пайдасы 94,9 млн теңге болған.

Нұрсұлтан Назарбаев қоры 2000 жылы құрылған. Осындай бастаманы экс-президенттің өзі көтерген. Қор жұмысы дарынды жастарды қолдауға, әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, сонымен бірге бәсекеге қабілетті сараптамалық-талдау орталығын дамытуға бағытталған.

Бұған дейін Kursiv.Media жеті жыл бұрын биліктен өз бетімен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев «Аманат» партиясына мүше емес екені туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз