Қазақстан банктері неге сырттан 10 млрд доллар тартты

Жарияланды 12 Маусым 2026 14:47

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Қазақстан банктері халықаралық нарықтан қарыз құралдары арқылы шамамен 10 млрд доллар тартқан / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстан банктері халықаралық нарыққа қайта белсенді шыға бастады. 2024-2025 жылдары олар еурооблигациялар мен басқа да қарыз құралдары арқылы шамамен 10 млрд доллар тартқан.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Taldau Talks подкастында айтты. Оның сөзінше, банктер ұзақ үзілістен кейін сыртқы қарыз нарығына қайта оралды. Негізгі мақсат – қор базасын ұлғайтып, кредит беру мүмкіндігін кеңейту.

Банктерге неге қосымша ақша керек?

Қазір Қазақстан банк жүйесіндегі қаржыландырудың шамамен 80%-ы депозиттерге сүйенеді. Яғни банктердің негізгі ресурсы – халық пен бизнестің салымдары.

Бұл модель тұрақты көрінгенімен, оның шектеуі бар. Экономика өссе, бизнес пен халыққа берілетін кредит те көбеюі керек. Ал тек депозитке сүйену ұзақ мерзімді әрі ірі жобаларды қаржыландыруға әрдайым жеткіліксіз.

Сондықтан банктерге ұзақ мерзімге тартылатын қосымша қаржы қажет. Халықаралық нарықтан қарыз алу – соның бір жолы.

Зейнетақы қорының ақшасы да банк облигацияларына салынып жатыр

Банктерді ұзақ мерзімді қаржымен қамтамасыз ету үшін реттеуші Ұлттық банкпен бірге тағы бір тетік іске қосылған. Екі жыл бұрын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражатын банк облигацияларына инвестициялау бағдарламасы басталды.

Бағдарлама бойынша 500 млрд теңге қарастырылған. Бірақ банктер әзірге оның шамамен 220 млрд теңгесін ғана тартқан.

Әбілқасымованың айтуынша, бұған жоғары инфляция кезеңі мен нарықтағы сұраныстың шектеулі болуы әсер еткен. Инфляция жоғары болғанда, ұзақ мерзімді қарыздың бағасы да қымбаттайды. Мұндай жағдайда банктер де, инвесторлар да абайлап қимылдайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова . фото: Taldau Talks подкастынан алынды

Валюталық қарыз не үшін маңызды?

Сырттан тартылған қаражаттың бір бөлігі шетел валютасында келеді. Бұл банктерге валюталық кредит беруді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мұның маңызды тұсы бар. Егер банк доллармен қарыз берсе, оның өзінде де доллармен тартылған ресурс болғаны дұрыс. Әйтпесе валюта бағамы өзгерсе, банк үшін тәуекел күшейеді.

Яғни жаңа валюталық қарыздар банктерге теңгерімді сақтауға көмектеседі. Бұл, әсіресе, экспортпен айналысатын немесе валюталық түсімі бар компаниялар үшін маңызды.

Экономикаға қалай әсер етеді?

Банктердің қосымша қаржы тартуы кредит нарығын кеңейтуі мүмкін. Егер ресурс көбейсе, бизнеске несие беру мүмкіндігі артады.

Бұл инвестициялық жобаларға, өндіріс пен экспортқа оң әсер етуі ықтимал. Әсіресе ұзақ мерзімді қаржы қажет ететін компаниялар үшін маңызды.

Бірақ халық үшін әсері бірден байқалмауы мүмкін. Кредит арзандауы үшін тек банктерде ақша көп болуы жеткіліксіз. Инфляция төмендеп, базалық мөлшерлеме де ыңғайлы деңгейге түсуі керек.

Еске сала кетейік, Қазақстан банктерінің таза табысы алғашқы төрт айда айтарлықтай азайған.

Сондай-ақ оқыңыз