Ипотека алу қиындап, сатылым азайды: Алматыдағы тұрғын үй нарығының қазіргі жағдайы

Жарияланды 22 Маусым 2026 11:40

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Алматыда ипотека алу қиындап барады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Алматыда ипотекаға пәтер алу бұрынғыдан да қиындай түсті. Қазір коммерциялық ипотеканың мөлшерлемесі жылына 22–24% деңгейінде. Мұндай мөлшерлемемен несие рәсімдеуді көп отбасының қалтасы көтермейді.

Девелопер, құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейтнұрованың айтуынша, тұрғын үй нарығында қазір үлкен өзгеріс жүріп жатыр.

Пәтер бағасының өзі қымбаттап тұрған кезде үстіне жоғары пайыз қосылады. Нәтижесінде ай сайынғы төлем көп адамның табысынан асып кетеді немесе отбасылық бюджетке қатты салмақ салады. Сондықтан халықты «пәтер алайын ба, әлде күте тұрайын ба?» деген сауал алаңдатып отыр.

Сатылым неге төмендеп жатыр?

Бұл жағдай сатылымға да әсер етті. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа үйлердің сатылымы былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20–25%-ға төмендеген. Яғни тұрғын үй нарығындағы белсенділік айтарлықтай бәсеңдеді.

Қазір сұранысты негізінен мемлекеттік бағдарламалар ұстап тұр. Себебі олардың шарттары коммерциялық ипотекаға қарағанда жеңілірек. Ал нарық шарттарымен берілетін ипотека, сарапшының сөзінше, іс жүзінде тоқырап қалды деуге болады.

Бағаға не әсер етті?

Бұған бірнеше фактор себеп. Біріншіден, елдегі инфляция әлі де жоғары – шамамен 10%. Мұндай жағдайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тез түсіре алмайды. Ал базалық мөлшерлеме жоғары болса, банктер беретін ипотека да қымбат болып қала береді.

Екіншіден, 2026 жылдың қаңтарынан бастап жаңа тұрғын үйге ҚҚС салынды. Бұл жаңа пәтерлердің өзіндік құнына әсер етіп, бағаның орта есеппен 10–12%-ға өсуіне әкелді.

Үшіншіден, жылжымайтын мүлік иелеріне түсетін салықтық жүктеме де артты. Бұл да нарықтағы жалпы баға мен инвесторлардың шешіміне ықпал етеді.

Осылайша тұрғын үй нарығында бірден бірнеше фактор қабаттасып отыр: ипотека қымбат, жаңа үйлердің бағасы өсті, ал халықтың сатып алу мүмкіндігі шектелді. Соның салдарынан сатып алушылар да, құрылыс компаниялары да сақ қимылдай бастады.

Енді нарықтың әрі қарай қалай өзгеретіні ең алдымен инфляция, базалық мөлшерлеме және мемлекеттік бағдарламаларға байланысты болмақ. Егер несие арзандай бастаса, сұраныс қайта жандануы мүмкін. Ал жоғары мөлшерлеме сақталса, тұрғын үй нарығындағы баяулау әлі біраз уақыт жалғасуы ықтимал.

Ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесін 20%-ға дейін төмендету мерзімі 2027 жылға шегерілді. Бұған дейін осц норма 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуі тиіс еді.

Сондай-ақ оқыңыз