
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сілтеме жасай отырып Ұлттық экономика министрлігі хабарлағандай, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы нақты мәнде 4,1%-ға өсті. Қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда өсім қарқыны 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді.
Мұнайға қатысты емес сектор экономиканың негізгі қозғаушы күші (драйвері) болып қала береді. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, оның өсімі 5%-дан асты.
Мұнай өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға қысқарғанына қарамастан, экономиканың нақты секторы 5,1%-ға, қызмет көрсету саласы 3,5%-ға артты.
ЖІӨ өсімінің 80%-дан астамын өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда және көлік салалары қамтамасыз етті. Бұл салалар дамудың ең жоғары қарқынын сақтап отыр.
Өсім қарқыны бойынша құрылыс саласы көш бастады. Қаңтар-маусым айларында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,2%-ға артты. Пайдалануға 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй берілді – бұл бір жыл бұрынғыдан 6,7%-ға артық.
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,8%-ға өсті. Алты айдың қорытындысы бойынша өнім шығару 16,2 трлн теңгеге жетіп, тау-кен өндіру саласының көрсеткішінен (шамамен 15,9 трлн теңге) асып түсті.
Өңдеу өнеркәсібінің 40%-дан астамын құрайтын металлургиядағы өсім қарқынының баяулауына қарамастан, оң динамиканы басқа өндірістер қамтамасыз етті.
Дайын металл бұйымдарын шығару 39,9%-ға, автомобильдер – 31,6%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 43,6%-ға, химиялық өнімдер – 20,7%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары – 21,8%-ға, құрылыс материалдары – 14,1%-ға, тамақ өнімдері – 14,7%-ға артты.
Өсім экономиканың басқа да салаларында сақталып отыр. Сауда көлемі 5,7%-ға, ауыл шаруашылығы – 4,4%-ға, байланыс қызметтері – 4,3%-ға өсті.
Көлік-логистика саласы 7,1%-ға өсті. Бұған қосалқы көлік қызметтері көлемінің 14%-ға, теміржол жүк тасымалының – 4,9%-ға және автомобильмен жүк тасымалдаудың – 11,4%-ға артуы ықпал етті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар бірінші жартыжылдықта 9,6%-ға өсті. Ең айтарлықтай өсім ақпарат және байланыс саласында – 2,3 есе, электрмен жабдықтауда – 61,4%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,6%-ға және көлікте – 11,6%-ға тіркелді.
Ұлттық экономика министрлігі шикізаттық емес салалардың өсуі мен жоғары инвестициялық белсенділік елдің экономикалық динамикасын қолдауды жалғастырып жатқанын атап өтті.