
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы нақты мәнде 4,1%-ға өсті. Қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда өсім қарқыны 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сілтеме жасай отырып Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.
Мұнайға қатысты емес сектор экономиканың негізгі қозғаушы күші (драйвері) болып қала береді. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, оның өсімі 5%-дан асты.
Мұнай өндіру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға қысқарғанына қарамастан, экономиканың нақты секторы 5,1%-ға, қызмет көрсету саласы 3,5%-ға артты.
ЖІӨ өсімінің 80%-дан астамын өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда және көлік салалары қамтамасыз етті. Бұл салалар дамудың ең жоғары қарқынын сақтап отыр.
Өсім қарқыны бойынша құрылыс саласы көш бастады. Қаңтар-маусым айларында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15,2%-ға артты. Пайдалануға 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй берілді – бұл бір жыл бұрынғыдан 6,7%-ға артық.
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,8%-ға өсті. Алты айдың қорытындысы бойынша өнім шығару 16,2 трлн теңгеге жетіп, тау-кен өндіру саласының көрсеткішінен (шамамен 15,9 трлн теңге) асып түсті.
Өңдеу өнеркәсібінің 40%-дан астамын құрайтын металлургиядағы өсім қарқынының баяулауына қарамастан, оң динамиканы басқа өндірістер қамтамасыз етті.
Дайын металл бұйымдарын шығару 39,9%-ға, автомобильдер – 31,6%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 43,6%-ға, химиялық өнімдер – 20,7%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдары – 21,8%-ға, құрылыс материалдары – 14,1%-ға, тамақ өнімдері – 14,7%-ға артты.
Өсім экономиканың басқа да салаларында сақталып отыр. Сауда көлемі 5,7%-ға, ауыл шаруашылығы – 4,4%-ға, байланыс қызметтері – 4,3%-ға өсті.
Көлік-логистика саласы 7,1%-ға өсті. Бұған қосалқы көлік қызметтері көлемінің 14%-ға, теміржол жүк тасымалының – 4,9%-ға және автомобильмен жүк тасымалдаудың – 11,4%-ға артуы ықпал етті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар бірінші жартыжылдықта 9,6%-ға өсті. Ең айтарлықтай өсім ақпарат және байланыс саласында – 2,3 есе, электрмен жабдықтауда – 61,4%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,6%-ға және көлікте – 11,6%-ға тіркелді.
Ұлттық экономика министрлігі шикізаттық емес салалардың өсуі мен жоғары инвестициялық белсенділік елдің экономикалық динамикасын қолдауды жалғастырып жатқанын атап өтті.