Дәріханалардағы дәрі-дәрмекті тексеру тәртібі өзгереді

Жарияланды 22 Шілде 2026 15:15

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
Депутат требует арестов в «СК-Формация» из-за высоких цен на лекарства в Казахстане
Дәрі-дәрмекті тексеру тәртібі өзгереді / Фото: Shuttertsock

Елдегі дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек сапасына бақылау күшейтіледі. Бұл туралы бұрынғы депутат Асхат Аймағамбетов жазды

Айтуынша, адам дәріханадан дәрі сатып алғанда, «бұл түпнұсқа ма, сапасы қандай, денсаулыққа қауіпті емес пе?» деп күмәнданбауы керек. Мемлекет оның қауіпсіздігін тексергеніне алдын ала сенімді болуға тиіс.

Жақында президент фармацевтикалық бақылауды күшейтуге қатысты заңға қол қойды. 

«Бұған дейін тексеру барысында қауіпті дәрі-дәрмек анықталған күннің өзінде заң бұзушы қызметін тек сот арқылы ғана тоқтатуға болатын. Сот отырыстары өтіп, шешім заңды күшіне енгенше, қауіпті болуы мүмкін өнім апталап, тіпті айлап дәріхана сөрелерінде қала беретін. Осы уақыт ішінде адамдар оны сатып алып, қолданады», – деп жазды Аймағамбетов.

Енді жалған немесе сапасыз дәрі-дәрмек анықталса, ұзаққа созылатын сот процесінің аяқталуын күтпей-ақ, заң бұзушының қызметін тоқтатып, бірден тергеп-тексеруді бастауға болады. Тиісті шара заң бұзушылық анықталған күні-ақ қабылдануға тиіс.

Бұған дейін фармацевтикалық бақылау органы сатылымдағы дәріні өз бетінше алып, зертханаға жібере алмайтын. Ол өндірушіге жүгінуге мәжбүр еді. Ал өндіруші тексерушілерге қай партияны беретінін іс жүзінде өзі шешетін. Енді зерттеуге арналған дәрі үлгілерін мемлекеттік органдар өздері іріктеп алады.

«Егер дәрі адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін болса, мемлекет сот шешімін бірнеше ай күтпей, оны сөреден дереу алып тастауы керек», – деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, 2022 жылы заңсыз сатылған 151 өнім анықталса, 2025 жылы бұл 21 мыңнан асқан.

Сондай-ақ оқыңыз