
«Ақтөбе» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын 2:1 есебімен жеңіп, Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде үшінші орынға көтерілді.
Қазақстан чемпионатының 19-туры үш матчпен басталды. Бір қызығы, алғашқы үш кездесу де 2:1 есебімен аяқталды.
Маусымды сәтсіз бастаған «Ақтөбе» бас бапкерін ауыстырғаннан кейін нәтижесін біртіндеп жақсарта бастады. Болгариялық Николай Костовтың орнына команданы словакиялық Штефан Таркович қабылдады.
«Оқжетпеске» қарсы кездесуде есеп 5-минутта ашылды. Стандарттан кейін Яни Атанасов допты қақпаға бағыттап, алаң иелерін алға шығарды. 22-минутта Темірлан Ерланов есепті 2:0-ге жеткізді.
Бірінші таймның соңында «Оқжетпес» жартылай қорғаушысы Шахбоз Умаров бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Алайда матчтың қалған бөлігінде командалар гол соға алмады.
Осы жеңістен кейін «Ақтөбе» турнирлік кестеде «Астана» мен «Оқжетпесті» басып озды. Дегенмен елордалық команда екі матчқа аз өткізген.
Турдың басқа кездесулерінде Павлодардың «Ертісі» «Ұлытауды», ал «Қызылжар» «Жетісуды» 2:1 есебімен жеңді. 26 шілдеде турдың орталық матчында «Қайрат» пен «Ордабасы» кездеседі.