АҚШ Иранға соққысын тоқтатты, бірақ соғыс Қызыл теңізге тарады

Жарияланды 26 Шілде 2026 12:20

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Аден портындағы кеме / фото: Reuters

АҚШ әскері Иран аумағына 13 түн қатарынан соққы жасағаннан кейін шабуылдарын уақытша тоқтатты. Бұл әзірге ресми бітім емес. Вашингтон дипломатиялық келіссөздерге мүмкіндік беріп отыр, алайда Иранға қарсы теңіз блокадасы күшінде қалды.

Иран аспанында тыныштық орнағанымен, соғыс басқа бағытқа тарай бастады. Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының Қызыл теңіз жағалауындағы Жизан және Янбу мұнай нысандарына зымырандар мен дрондар жіберді. Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы бастаған коалиция хуситтердің Йемендегі әскери нысандарына соққы жасады.

Янбу қазір әлемдік мұнай нарығы үшін ерекше маңызды. Иран Ормұз бұғазындағы тасымалды шектегеннен кейін Сауд Арабиясы мұнайының едәуір бөлігін осы порт арқылы экспорттай бастады. Ал Жизанда тәулігіне 400 мың баррель мұнай өңдей алатын зауыт орналасқан.

Енді хуситтер Сауд Арабиясына теңіз блокадасын жариялап, елдің барлық мұнай нысаны шабуыл нысанасына айналуы мүмкін екенін ескертті. Яғни Ормұз бұғазынан қашқан танкерлер үшін Қызыл теңіз бағыты да қауіпті бола бастады. Бұл мұнай жеткізу мерзімін ұзартып, тасымал мен сақтандыру шығындарын арттыруы ықтимал.

Нарық геосаяси тәуекелді бағаға бірден қосты. Brent маркалы мұнай аптаның ішінде 100 доллардан асып, мамырдан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді. АҚШ соққыларын уақытша тоқтатқаны бағаны біршама тыныштандыруы мүмкін, бірақ Ормұз бұғазы мен Қызыл теңіздегі жағдай реттелмейінше, мұнай нарығындағы тұрақсыздық сақталады.

Сондай-ақ оқыңыз