Мұнай бір күнде 5%-ға арзандады: Brent 92 доллардан төмен түсті

Жарияланды 27 Шілде 2026 09:03

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Брент мұнай бағасы арзандады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Әлемдік мұнай нарығындағы үш апталық қымбаттау тоқтады. АҚШ пен Иран демалыс күндері өзара шабуылдарды уақытша доғарғаннан кейін мұнай бағасы бір күнде шамамен 5%-ға құлады.

Brent маркалы мұнайдың бағасы 4,89 долларға немесе 5,1%-ға төмендеп, барреліне 91,89 доллар болды. Ал америкалық WTI мұнайы 4,67 долларға арзандап, 84,64 долларға түсті. Бұл соңғы бір аптаға жуық уақыттағы ең төмен деңгей.

Нарықтағы көңіл күйдің өзгеруіне Таяу Шығыстағы жағдайдың уақытша тынышталуы әсер етті. АҚШ Иранға жасалатын соққыларды тоқтатып, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Соның нәтижесінде инвесторлар Ормұз бұғазы арқылы мұнай тасымалы біртіндеп қалпына келеді деп үміттене бастады.

Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс, Ормұз бұғазындағы тасымалдың бұзылуы және Қызыл теңіздегі шабуылдар Brent бағасын 100 долларға дейін көтерген еді. Сондықтан қазіргі арзандау – геосаяси тәуекел азайғаннан кейінгі нарықтың алғашқы реакциясы.

Дегенмен қауіп толық сейілген жоқ. Ормұз бұғазы мен Қызыл теңіздегі кеме қозғалысы әлі де шектеулі. Тасымалдаушы компаниялар қауіпсіздікке нақты кепілдік берілмейінше бұрынғы бағыттарына толық оралуға асықпайды. Сол себепті мұнай бағасының әрі қарай төмендеуі АҚШ пен Иран арасындағы үзілістің қаншалықты ұзаққа созылатынына байланысты болады.

Мұнайдың арзандауы әлемдік инфляцияға түсетін қысымды азайтып, қор нарықтарына қолдау көрсетті. Brent төмендегеннен кейін S&P 500 индексінің фьючерстері 0,7%-ға, ал Nasdaq фьючерстері 1,1%-ға өсті.

Сондай-ақ оқыңыз