Тамызда Қазақстанда бес ірі фестиваль өтеді

Жарияланды 28 Шілде 2026 19:56

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Тамызда Қазақстанда бес ірі фестиваль өтеді /фото: Серікжан Қобыланбаев

Тамыз айында Астанада және Қазақстанның төрт өңірінде туристерге арналған бес ірі фестиваль мен шоу өтеді. Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, Астанада, сондай-ақ, Атырау, Қостанай, Маңғыстау және Алматы облыстарында туристерді тартуға бағытталған бес ірі іс-шара ұйымдастырылады.

«Олардың қатарында: 1 тамызда Қостанай облысында өтетін «Qostanai Dala Fest» агрофестивалі, елордада 6–9 тамызға жоспарланған «Comic Con Astana» гик-фестивалі, 15 тамызда Маңғыстау облысында өтетін «Aq maya Fest» шұбат фестивалі, 15–16 тамызға Атырау облысында жоспарланған «ЛОТОС» экологиялық фестивалі, сондай-ақ, 16 тамызда Алматы облысында өтетін «Небо Байсерке» авиашоуы бар», – деді спикер.

Бұдан бөлек, Айдын Қапашев халықаралық аудиторияның қызығушылығын тудыратын бірегей бастамаларға да қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Солардың бірі – Drive Forum GREAT ORDA фестивалі. Mad Max постапокалиптикалық әлем стилінде ұйымдастырылатын іс-шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 1,5 мыңнан астам саяхатшы мен белсенді демалыс әуесқойлары келеді деп жоспарлануда», – деп атап өтті спикер.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Comic Con Astana» фестивалінің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танымал даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланған еді.

Сондай-ақ оқыңыз