
Тамыз айында Астанада және Қазақстанның төрт өңірінде туристерге арналған бес ірі фестиваль мен шоу өтеді. Бұл туралы Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашев мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, Астанада, сондай-ақ, Атырау, Қостанай, Маңғыстау және Алматы облыстарында туристерді тартуға бағытталған бес ірі іс-шара ұйымдастырылады.
«Олардың қатарында: 1 тамызда Қостанай облысында өтетін «Qostanai Dala Fest» агрофестивалі, елордада 6–9 тамызға жоспарланған «Comic Con Astana» гик-фестивалі, 15 тамызда Маңғыстау облысында өтетін «Aq maya Fest» шұбат фестивалі, 15–16 тамызға Атырау облысында жоспарланған «ЛОТОС» экологиялық фестивалі, сондай-ақ, 16 тамызда Алматы облысында өтетін «Небо Байсерке» авиашоуы бар», – деді спикер.
Бұдан бөлек, Айдын Қапашев халықаралық аудиторияның қызығушылығын тудыратын бірегей бастамаларға да қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
«Солардың бірі – Drive Forum GREAT ORDA фестивалі. Mad Max постапокалиптикалық әлем стилінде ұйымдастырылатын іс-шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 1,5 мыңнан астам саяхатшы мен белсенді демалыс әуесқойлары келеді деп жоспарлануда», – деп атап өтті спикер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Comic Con Astana» фестивалінің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар таласы» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлімен танымал даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланған еді.