Қазақстан мен Қытай арасында QR-төлем қашан іске қосылады

Жарияланды 4 Тамыз 2026 12:16

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Қазақстан мен Қытай QR төлем жүйесін біріктіреді
Көрші елде QR төлем жүйесімен төлейтін күн жақын / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астана мен Бейжің екі ел арасында QR-төлемдерді қабылдау жүйесін біріктіруді 2026 жылдың соңына дейін аяқтайды. Ұлттық банк (ҰБ) төрағасы Тимур Сүлейменовтің Қытайға сапары барысында осы мәселе пысықталды.

Қазақ делегациясы 30-31 шілде аралығында Қытайда болды. Оның құрамына ҰБ мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) өкілдері кірді. Сапар барысында QR жүйесін интеграциялау мәселесі де сөз болды.

«Ұлттық Банктің Ұлттық төлем корпорациясы мен China UnionPay компаниясының өнімдері мен қызметтерін халықаралық деңгейде дамытуға жауапты UnionPay International (UPI) құрылымы арасында жасалған меморандумды іске асыру аясында жыл соңына дейін екі ел арасындағы QR-төлемдерді қабылдау жүйесі біріктіріледі», – деп хабарлайды ҰБ.

Тараптар бұдан бөлек тағы бірнеше мәселе бойынша ортақ келісімге келді:

  • Қазақстан Ұлттық Банкі мен Қытай Халық банкі үш жылға валюта свопы туралы келісімге қол қойды;
  • цифрлық теңге мен цифрлық юань арқылы есеп айырысудың пилоттық жобасын іске қосу туралы келісім жасалды;
  • трансшекаралық төлем инфрақұрылымын дамыту және ұлттық валюталармен есеп айырысу аясы одан әрі кеңейеді;
  • халықаралық төлемдер, банкті реттеу және инвестиция тарту салаларындағы ынтымақтастық аясы кеңейеді;
  • Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы мен Қытай банктер қауымдастығы арасында өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қою жөнінде келісім жасалды.

Мәліметтерге қарағанда, Қазақстан Қытайдағы серіктестерін Алатау қаласының инвестициялық жобаларын іске асыруға және қаржы экожүйесін дамытуға белсене қатысуға шақырған.

Сондай-ақ оқыңыз