
Әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта өсе бастады. 11 тамыздағы саудада Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 88 долларға, ал америкалық WTI 82,45 долларға дейін көтерілді. Бұл екі көрсеткіш үшін де 31 шілдеден бергі ең жоғары деңгей.
Бұған дейін, дүйсенбіде мұнай бағасы шамамен 5%-ға қымбаттаған. Нарықтағы жаңа өсімнің басты себебі – АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің қайта тұйыққа тірелуі. Тараптар бейбіт келісіммен қатар әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды Ормұз бұғазын толық ашу мәселесінде ортақ шешімге келе алмай отыр.
Brent мұнай бағасы онлайн
Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.
Жағдайды АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қойған жаңа талабы да күрделендірді. Ол Тегераннан соғыстар, шабуылдар мен наразылықтар кезінде қаза болған адамдар үшін өтемақы төлеуді талап етті. Reuters бұл мәлімдеме Ормұз бұғазын қайта ашу жөніндегі келісімді қиындатуы мүмкін екенін жазады.
Нарық үшін қазір негізгі мәселе – бұғаз арқылы мұнай тасымалының қалыпқа келуі. Келіссөздер ұзаққа созылған сайын жеткізілімге қатысты тәуекел де жоғары болып қала береді. IG сарапшылары қазіргі белгісіздік жағдайында мұнай бағасы біраз уақыт 75–95 доллар аралығында құбылуы мүмкін деп есептейді.
Мұнайдың қайта қымбаттауы инфляцияға да қосымша қысым түсіруі ықтимал. Сондықтан инвесторлар АҚШ-та жарияланатын шілде айындағы инфляция деректеріне ерекше назар аударып отыр.