
Отбасы банкін жекешелендіру және IPO-ға шығару мәселесі әлі де күн тәртібінде тұр. Банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазір бұл бағыттағы мүмкіндіктер мен есеп-қисаптар қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Бұл туралы ол Taldau Talks подкастында айтты.
Ибрагимованың сөзінше, банкпен Дүниежүзілік банк пен IFC сарапшылары жұмыс істеп, тиісті ұсынымдар берген. Халықаралық сарапшылар Отбасы банкінің IPO-ға шығу перспективасын жоғары бағалап отыр.
«Менің ойымша, 2027 жылы да бұл бағытта үлкен жұмыс болады. Бізде Дүниежүзілік банк пен IFC тобы жұмыс істеп, тиісті ұсынымдарын берді. Олар мұнда үлкен перспектива көріп отыр», – деді Ләззат Ибрагимова.
Подкаст жүргізушісі, Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев IPO банк концепциясы мен миссиясын өзгертіп жібермей ме деген сұрақ қойды. Яғни жеке инвесторлар пайда болғаннан кейін банк әлеуметтік міндеттерден гөрі табыс табуға көбірек көңіл бөлуі мүмкін бе деген мәселе көтерілді.
Дивиденд төлеу бойынша үздік үштікте
Ибрагимованың айтуынша, мұндай жағдайда да бақылау пакеті «Бәйтерек» холдингінде қалады. Оның сөзінше, Отбасы банкі қазірдің өзінде әлеуметтік міндеттерді орындаумен қатар коммерциялық тұрғыдан да тиімді жұмыс істеп отыр.
«Соңғы екі жылда жыл сайын 100 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеп келеміз. Дивиденд көлемі бойынша Қазақстандағы компаниялардың алғашқы үштігіне кіретін шығармыз», – деді банк басшысы.
Сонымен бірге ол соңғы 20 жылда қалыптасқан Отбасы банкінің экожүйесін сақтап қалу маңызды екенін атап өтті. Оның кейбір бөлігін коммерцияландыруға болады, алайда банктің әлеуметтік функциялары әрі қарай да сақталуы мүмкін.
Отбасы банкінің IPO-ға шығуы туралы мәселе кемінде 2024 жылдың күзінен бері талқыланып келеді. 2026 жылдың қысында «Бәйтерек» холдингі бұл жөнінде түпкілікті шешім қабылданбағанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар Отбасы банкін әмбебап банкке айналдыру мүмкіндігі де қарастырылып жатқаны айтылған.
Әзірге IPO-ның нақты мерзімі мен форматы бекітілген жоқ. Алайда Ибрагимованың сөзінен бұл бағыттағы дайындық пен бағалау жұмыстары жалғасып жатқанын байқауға болады.