
Home Credit Bank KASE арқылы үш жылға 5,7 млрд теңге қарыз алды. Облигациялар бойынша купондық мөлшерлеме жылдық 17,5% болып белгіленді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы хабарлады.
Банк бастапқыда 5 млрд теңге тартуды жоспарлаған. Алайда инвесторлардың сұранысы 5,7 млрд теңгеге жетіп, жоспарланған көлемнен 14% асып түсті. Нәтижесінде барлық төрт өтінім толық қанағаттандырылды.
Қаражаттың басым бөлігін ірі инвесторлар берген. Орналастыру көлемінің 87,7%-ы институционалдық инвесторларға, 12,3%-ы басқа заңды тұлғаларға тиесілі. Жеке тұлғалардың үлесі 0,1%-ға да жетпеген.
Облигациялар 2029 жылғы 25 тамызда өтеледі. Бір қағаздың номиналдық құны – 1 000 теңге. Осы серия бойынша жалпы шығарылым көлемі 20 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Home Credit Bank қазір ForteBank-тің еншілес банкі. Облигацияларды орналастыру бойынша сауданы ұйымдастырушы ретінде Halyk Finance қатысқан.