Несие халықтан бизнеске қарай ауысып жатыр – Ұлттық банк

Жарияланды 25 Тамыз 2026 16:57

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Бизнеске ақша көбірек кете бастады / фото: DKnews

Қазақстан банктерінің несие беру бағыты өзгере бастады. Тұтынушылық қарыздардың өсімі баяулаған тұста шағын және орта бизнеске берілген несие бір жылда 29,6% көбейді. Соңғы 12 айдың өзінде кәсіпкерлер банктерден 22 трлн теңге қарыз алған.

Жалпы бизнеске берілген банктік кредиттер портфелі осы кезеңде 17,1% ұлғайған. Ал жеке тұлғалардың несиесі 14,5% өсті. Оның ішінде кепілсіз қарыздардың өсімі 9,4%-ды құрады.

ШОБ пен жеке кәсіпкерлердің корпоративтік кредиттердегі үлесі қазір 69%-ға жеткен. Соңғы 12 айда банктер бизнеске жалпы 22 трлн теңге несие берген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 16,8% көп.

Ұлттық банктің бағалауынша, мұндай динамика кредит ресурстарының халықтың тұтынушылық қарыздарынан бизнес жобаларын қаржыландыруға қарай біртіндеп қайта бөлініп жатқанын көрсетеді. Тұтынушылық кредиттердің жылдық өсімі жыл басындағы 21%-дан 13%-ға дейін баяулаған.

Кеңейтілген есеп бойынша Қазақстан экономикасына берілген кредиттердің жалпы көлемі 1 шілдеде 53,2 трлн теңгеге жетті. Оның 25,4 трлн теңгесі немесе 47,7%-ы бизнеске тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз