
7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының 100%-ына дейін жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына бере алады. Бұған дейін салымшы жинағының жартысынан аспайтын бөлігін ғана аударуға құқылы еді. Жаңа мүмкіндік міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатқа қолданылады.
Ақшаны қолға бермейді
Бұл өзгеріс зейнетақы жинағын шешіп алуға мүмкіндік бермейді. Қаражат бұрынғыдай БЖЗҚ-дағы салымшының жеке шотында сақталады, тек оны инвестициялаумен Ұлттық банктің орнына салымшы таңдаған жеке компания айналысады.
Мұндай компаниялар инвестициялық портфельді басқарушылар деп аталады. Олар зейнетақы қаражатын бағалы қағаздарға, банк салымдарына және заңмен рұқсат етілген басқа да қаржы құралдарына салып, инвестициялық табыс табуға тырысады.
Жинақтың барлығын аудару міндетті ме?
Жоқ, міндет емес. Бұл – салымшыға берілген таңдау. Азамат жинағын толықтай Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады. Сондай-ақ оның бір бөлігін немесе 100%-ына дейін жеке басқарушы компанияға бере алады. Бірнеше басқарушыны таңдап, қаражатты солардың арасында бөлу мүмкіндігі де қарастырылған.
Жеткіліктілік шегі қажет пе?
Жеке басқарушыға аударылатын жинаққа ең төменгі жеткіліктілік шегі қолданылмайды. Яғни тұрғын үй немесе емделу үшін зейнетақы жинағын пайдаланғандағыдай шотта белгілі бір соманы міндетті түрде қалдыру талап етілмейді.
Салымшы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатының 100%-ына дейін сенімгерлік басқаруға бере алады.
Басқарушы компанияны қалай таңдауға болады?
Зейнетақы ақшасын кез келген компанияға беруге болмайды. Басқарушының тиісті лицензиясы болуы және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талаптарына сәйкес келуі керек.
Компанияны таңдағанда бір жылдағы жоғары табысына ғана қарамаған дұрыс. Оның бірнеше жылдағы нәтижесін, қаражатты қайда салатынын, комиссиясын, инвестициялық стратегиясын және тәуекел деңгейін салыстыру қажет.
Рұқсат етілген басқарушылардың тізімі мен негізгі көрсеткіштері БЖЗҚ сайтында жарияланған.
Өтінішті қалай береді?
Алдымен БЖЗҚ сайтындағы тізімнен басқарушы компанияны таңдау керек. Содан кейін өтінішті БЖЗҚ-ның жеке кабинетінде электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе жеке куәлікпен қор бөлімшесіне барып беруге болады.
Өтініштің орындалуын БЖЗҚ-ның жеке кабинеті немесе мобильді қосымшасы арқылы бақылауға болады.
Ақшаны қайтара ала ма?
Салымшы кейін басқа басқарушы компанияға ауыса алады немесе жинағын қайтадан Ұлттық банктің басқаруына бере алады. Алайда алғашқы аударым жасалғаннан кейін мұндай өтінішті кемінде бір жыл өткен соң ғана беруге болады.
Жинақ жоғалып кетсе не болады?
Жеке басқарушыларға қатаң талап қойылады. Олардың меншікті капиталы кемінде 1,9 млрд теңге болуы керек.
Егер басқарушының инвестициялық нәтижесі белгіленген ең төменгі табыстылықтан төмен түссе, компания айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті. Сонымен қатар міндетті және міндетті кәсіптік жарналардың БЖЗҚ-ға нақты түскен сомасының сақталуына мемлекеттік кепілдік өзгеріссіз қалады.
Дегенмен инвестициялық табыс тұрақты болмайды. Басқарушының өткен жылғы жақсы нәтижесі келесі жылы да дәл сондай пайда әкелетініне кепілдік бермейді.
Кімге тиімді болуы мүмкін?
Жеке басқарушыны таңдау зейнетке шығуына әлі көп уақыт бар және жинағының бір бөлігін белсендірек инвестициялауға дайын адамдарға қызық болуы мүмкін. Мұндай стратегия көбірек табыс әкелуі ықтимал, бірақ оның тәуекелі де жоғары.
Ал тәуекелге барғысы келмейтін салымшылар ешқандай өтініш бермей-ақ, жинағын Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады. Сондықтан шешім қабылдамас бұрын басқарушылардың ұзақ мерзімді табыстылығын, комиссиясын және инвестициялық портфелін салыстырған дұрыс.