
Қазақстан Ұлттық банкі мен Binance Investments Co. елде өңірлік есеп айырысу хабын дамыту туралы меморандумға қол қойды. Жоба іске асса, Binance-тың Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропадағы клиенттеріне көрсетілетін бірқатар қаржылық қызмет Қазақстан арқылы жүргізілуі мүмкін.
Хаб не үшін қажет?
Ұлттық банк мәліметінше, жаңа хаб Binance тобы клиенттерінің халықаралық төлемдері мен ақша аударымдарына қызмет көрсетеді. Бұған цифрлық активтермен жасалатын операциялар бойынша есеп айырысулар да кіреді.
Жоба Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропа нарықтарына бағытталмақ. Яғни Қазақстан Binance үшін тек жергілікті нарық емес, өңірлік операциялардың бір бөлігі шоғырланатын орталыққа айналуы мүмкін.
Binance Ұлттық банктен лицензия алмақ
Жобаны іске асыру үшін Қазақстанда Binance тобының жеке ұйымын құру жоспарланып отыр. Ол Ұлттық банктен бірінші санаттағы төлем ұйымы ретінде жұмыс істеуге лицензия алуы тиіс.
Сонымен қатар қажетті төлем және технологиялық инфрақұрылым жасалады. Binance бұған дейін тараптар лицензиялау, төлем инфрақұрылымы мен жаңа төлем өнімдерін іске қосу бойынша жол картасын әзірлегенін хабарлаған.
Қазақстанға не береді?
Ұлттық банктің бағалауынша, жоба Binance-тың өңірлік операцияларының бір бөлігін Қазақстанға көшіруге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде өңірдегі клиенттердің елеулі бөлігіне қазақстандық юрисдикция арқылы қызмет көрсетілуі мүмкін.
Бұл Қазақстанға халықаралық технологиялық құзыреттерді тартуға, цифрлық қаржы қызметтерінің экспортын дамытуға және елдің өңірлік қаржы-технологиялық орталық ретіндегі позициясын күшейтуге мүмкіндік береді.
Меморандумға Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов пен Binance жаһандық кеңсесінің өңірлік даму және операциялық қызмет жөніндегі басшысы Кирилл Хомяков қол қойды. Қол қою рәсіміне Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен Binance негізін қалаушы Чанпэн Чжао қатысты.