
Қазақстандық алтын өндіруші Solidcore Resources Plc (бұрынғы Polymetal International) акцияларын 1,2 млрд долларға дейін кері сатып алу жоспарын жариялады. Компания бұл мәміледен кейін 2029 жылға белгіленген стратегиялық мақсаттарына жеткенше акционерлерге қосымша қаражат төлеуді жоспарламайды. Бұл туралы компания басшысы Виталий Несис Reuters агенттігіне айтты.
Компания сейсенбі күні 9 қыркүйек пен 12 қазан аралығында 102 915 952 акцияға дейін, яғни қазіргі акционерлік капиталының шамамен 23,2%-ын, әр акция үшін 11,66 доллардан кері сатып алуды ұсынды.
Solidcore мұндай шешімге алтын бағасының өсуі нәтижесінде өтімділіктің артуы және Қазақстандағы жаңа тау-кен металлургия кешені жобасының алға жылжуы мүмкіндік бергенін түсіндірді.
Виталий Несистің айтуынша, компания акцияларды кері сатып алуды ең тиімді нұсқа деп санайды.
«Біз үшін ең оңтайлы формат — buyback деп шештік. Өйткені бұл компаниядан шыққысы келетін акционерлер мен өз үлесін сақтап, ақшасын алғысы келмейтін акционерлерді бір-бірінен ажыратуға мүмкіндік береді», — деді Несис.
Оның сөзінше, бұл мәміле компания үшін маңызды бетбұрыс болмақ.
«Бұл белгілі бір шекара болады. Мәміленің әдейі осындай ірі көлемде жасалуының себебі де сол. Осыдан кейін стратегиялық мақсатымызға жеткенге дейін капиталды акционерлер арасында қосымша бөлуді жоспарламаймыз. Сондықтан бұл — бірегей мүмкіндік», — деді компания басшысы.
Ірі акционер акцияларын сатпайды
Омандық инвесторлар консорциумына тиесілі Maaden International Investment Solidcore-дың ең ірі акционері саналады. Оның компаниядағы үлесі — 31,7%.
Консорциумды Оманның мемлекеттік қоры Mercury Investments International басқарады.
Maaden акцияларды кері сатып алу кезінде өз үлесін сатпауға міндеттеме алды.
Solidcore Қазақстанға қалай көшті
Бұрын Polymetal International деп аталған компания 2023 жылы Джерси аралынан Қазақстанға көшіп, акцияларының негізгі листингін Лондоннан Қазақстанға ауыстырды.
2024 жылы Solidcore АҚШ санкцияларына іліккен Ресейдегі активтерін сатып, санкциялық тәуекелдерден арылды.
Қазір компания Қазақстанда алтын өндіру көлемі бойынша Қазмырыштан кейінгі екінші орында.
Өндірісті екі есе арттырмақ
Solidcore 2029 жылға қарай өндірістік әлеуетін екі есеге арттырып, жылына 1 млн унция алтын эквивалентіне жеткізуді көздеп отыр.
Компания бұл мақсатқа Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы жаңа активтерді сатып алу, бірігу және жұтылу мәмілелері, сондай-ақ түсті металдарға бағытты әртараптандыру арқылы жетуді жоспарлайды.
Solidcore Қазақстанда қазірдің өзінде екі актив сатып алды.
Сонымен қатар компания Оманның мемлекеттік Minerals Development Oman (MDO) компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді. Бірлескен кәсіпорын Омандағы Кхабият мыс-алтын жобасында геологиялық барлау жүргізіп, кейін жобаны дамытуға кіріспек.
Сауд Арабиясы мен Африкаға да қызығушылық бар
Виталий Несистің айтуынша, Solidcore Оманнан жаңа активтер сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Компания Парсы шығанағы елдеріне, әсіресе Сауд Арабиясына назар аударуда. Сонымен қатар Африкадағы жобаларды, оның ішінде MDO-мен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін зерттеп жатыр.
Solidcore сондай-ақ Тәжікстан мен Өзбекстандағы активтерге қызығушылық танытуда.
Несистің айтуынша, жақын арада компания Оманда жаңа серіктеспен бірлескен кәсіпорын құрылғанын жариялайды.
Solidcore Resources-тың таза пайдасы 5 еседен астам өсті
2026 жылдың алғашқы алты айында Solidcore Resources $453 млн таза пайда тапты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,3 есе көп.
Компанияның қаңтар–маусымдағы түсімі де айтарлықтай өсіп, үш есе артып, $972 млн-ға жетті. Бұған үшінші тарап кәсіпорындарында концентрат өңдеудің қайта жандануы, сату көлемінің ұлғаюы және алтын бағасының қымбаттауы әсер еткен.
Solidcore-дың шотында 1,4 млрд доллар бар
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Solidcore балансындағы ақша қаражаты 1,4 млрд долларды, ал таза ақша қаражаты 747 млн долларды құрады.
Компания Ертіс тау-кен металлургия кешенін салу үшін 700 млн доллар несие қаржысын тартқан.
Жаңа кешенді 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр.